Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен  бөлінген Успен ауылына бонустық трансферт есебінен орталық алаңда төрт жылдан астам жұмыс істемеген субұрқаққа жөндеу жүргізілді.

Көшенің көркін ашып, әсем көрініс сыйлайтын субұрқақ ауа райының аптап ыстығында көшедегі жүргіншілердің сергіп салқындауына сеп болары анық. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, бұл шағын сәулеттік пішінді субұрқақ аудан орталығына сән сыйлап, келбетін кескіндей түсті.

— Сұбұрқақ ауылға сән береді. Сондай-ақ, жаздың ең шуақты күндерінде әрі кешкі уақытта саябақта демалған кезде халыққа жайлы. Аудан аумағында іске қосылған бұл субұрқақ енді күз айларына дейін тоқтаусыз жұмыс істейді. Мұндай қайнар бұлақтар — жұрттың күндіз дамылдап тыныс алатын, жазғы кештерде серуен құратын саялы орны. Мөлдіреген судың көкке шапшыған моншақ тамшылары жанға ләззат, денге жайлы тыныс сыйлайды, — дейді ауыл тұрғындары.

Бүгінгі таңда аталмыш субұрқақтың жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Субұрқақтың жұмыс режимі сағат таңғы 09.00-21.30-ға дейін. Естеріңізге сала кетейік, субұрқақта балалар мен ересектерге шомылуға тыйым салынады!

 

А.МҰҚЫШЕВ.