Кеншілер шаһарында жылу желілерін ғана емес, су құбырларын ретке келтіру жұмыстары да өзекті. Әсіресе, биыл қыста Майқайың су құбыры қатып қалып, әуре-сарсаңға салғаны бар. Осы және өзге де күрмеулі мәселелер қалай шешілмек?

Бұл мәселелер жергілікті «Горводоканал» кәсіпорны басшылығының қатысуымен өткен жиын барысында талқыланды. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, биыл 12 учаскеде жалпы ұзындығы 3,2 шақырым болатын су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, сумен қамту және су бұру желілерінде 7 жоспарлы жөндеу қолға алынды. Осы айда ұзындығы
2,2 шақырым болатын кәріз коллекторын траншеясыз әдіспен қалпына келтіру жұмыстары да басталды.

— Тағы бір маңызды мәселе – Майқайың су құбырын қалпына келтіру. Жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын бұл құбырды реттеу – уақыт күттірмейтін іс. Бүгінгі таңда 9 шақырым желі жаңадан салынды, — деді шаһар басшысы.

Бұл ретте қала әкімі жөндеу жұмыстарын аяқтаған соң аумақтарды абаттандыру керек екенін ерекше еске салды. Барлығы 50-ден астам учаскені қалпына келтіру керек. Бұл жұмыс коммуналдық кәсіпорынның тікелей бақылауында болуы тиіс.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.