Ауданда шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте ауылдық округ әкімдері төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен бірлесіп, су түбін тазарту жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жағажай аумағын тексеруде.
Су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Төтенше жағдайлар бөлімі полиция, еріктілер, өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі мекемесінің мамандарымен бірлесіп, елді мекен тұрғындарына суға шомылу ережесін түсіндірді. Жұртшылыққа төтенше жағдай орын алған кезде 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу керектігі айтылды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Медияр Әдеповтің айтуынша, шомылу маусымы 1 шілдеде ашылады деп күтілуде.
— Аудан әкімдігі шомылу маусымы алдағы аптада басталады деп жоспарлауда. Қазір су айдындарында дайындық шаралары жүргізілуде. Аққулы ауылының тұрғындары орталық жағажайда демалатын болады. Барлық елді мекенде ата-аналармен кездесулер өткізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде, — дейді М.Әдепов.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.