Жақында Республика күніне орай аудан басшысы Николай Дычко ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етті. Сондай-ақ, салтанатты шара барысында жеті азаматқа «Павлодар ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Павлодар аудандық әкімдігінде хабарлағандай, «Ауданның Құрметті азаматы» атағы «Қазақ тілі қоғамы» Халықаралық қорының аудандағы филиалының және Павлодар ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытбек Баткеевке, ардагер дәрігер Рита Духанға, ардагер мемлекеттік қызметші Құсайын Исеновке, ардагер ұстаз Сәкен Майдисаровқа, аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Баян Тоқсанбаеваға, ардагер мемлекеттік қызметші Болат Файзуллинге және белгілі теннисші, білім саласының үздік маманы Сайлау Шаненовке берілді. Аталмыш мерекелік шара аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен аяқталды.

А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.