Ертіс ауданы Сілеті ауылының мектебіне — биыл 60 жыл. Ағымдағы жылы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мерейтойға орай білім ошағында салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған ауыл тұрғындары, ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері қатысты.
Сілеті ауылының мектебі сонау 1964 жылы салынды. Қазіргі уақытта білім ошағында 60-тан астам оқушы білім алады. Мектептің мерейтойына орай материалдық-техникалық базаны нығайтуға облыс әкімінің атынан 5 млн теңге сый табысталды. Сондай-ақ, білім ошағында жылдар бойы тапжылмай, тынбай еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаздар да марапатқа ие болды. Олардың қатарында Қобыланды Шәкіров бар, ол облыс алдында сіңірген еңбегі үшін төлбелгісімен марапатталды.
— Шағын жинақты мектепте 67 оқушы білім алады. 19 педагог жұмыс істейді. Биыл білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Қасбеті жөнделіп, есіктер ауыстырылды, кабинеттер жаңадан жабдықталды, — дейді Сілеті орта мектебінің директоры Сәнгүл Балташева.
Сілеті мектебінде 60 жыл ішінде 2 мыңнан астам түлек ұшып шықты. Мерейтой қарсаңында мектеп түлектері «Мектепке тағзым» аясында 3 млн теңгеге сый-сыяпаттарын ұсынды.
Биыл Сілеті ауылішілік жолдарына асфальт төселіп, балалар ойын алаңы да салынған.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.