Томарлы ауылында «АгроДаму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты тауарлы сүт фермасы кеңейтіліп жатыр. Негізі 2011 жылы қаланған кәсіпорын биыл 200 басқа арналған баз салып, сүт өндірісін өрістетпек. Жуырда Германиядан голштин тұқымды 135 бас ірі қара мал әкелінді.
«Агро Даму» ЖШС директоры Руслан Букеевтің айтуынша, Германиядан жеткізілген асыл тұқымды мал елімізге жеткізілген. Біраз уақыт карантинде болады. Тағы бір бөлігін алдырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәлімдеуінше, бұл бағытта қиындықтар да жоқ емес көрінеді.
Аталмыш инвестициялық жоба аудандағы ауқымды бастамалардың бірі саналады. Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметіне сүйенсек, тауарлы сүт фермасын кеңейту шарасы осыдан 2 жыл бұрын басталған. Жаңа нысанның салынуына 3 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорынның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталған. Яғни, 396 млн теңгеге, өз қаражатына екі мал базы мен сиыр сауылатын зал салынған. Осылайша, Томарлыдағы тауарлы сүт фермасының қуаты 800 басқа дейін артпақ. Ферманың кеңейтілетін бөлігіне электр желісі, инженерлік-коммуникация-
лық инфрақұрылымы тартылған. Суды ұңғымалардан алады.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашалығы бөлімінің аграрлық саясат секторының меңгерушісі Құрман Ахметовтің сөзінше, серіктестік «Агробизнес» бағдарламасы аясында 6 пайызбен несие алған. Нақтысы, аграрлық несие корпорациясынан алған 852 млн теңге сомаға фермаға техника, жабдықтар мен Германиядан 200 бас голштин тұқымды құнажын сатып алуға келісімшартқа отырған. Несиенің алғашқы траншы беріліп, оған ауыл шаруашылығы техникалары, атап айтсақ, 3 жүк тиегіш, трактор, тіркеме сатып алған. Несиенің екінші траншы түскенде, серіктестік мал шаруашылығы жабдықтарына қол жеткізді. Кредиттің үшінші бөлігі аударылып, кәсіпкер Германиядан асыл тұқымды мал алдыртып жатыр. Алғашқы легі де келді. Жоба сәтімен жүзеге асса, тағы алты адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Жалпы, бұл серіктестікте елуге жуық азамат тұрақты жұмыс істейді. Одан бөлек, 30 тұрғын маусымдық уақытша жұмыстарға тартылады.
Мал шаруашылығы болған соң оның жем-шөбі, азығын дайындау қажет. Осы мақсатта серіктестік егін шаруашылығымен де айналысады. Шаруашылық иелігінде 23 гектардан астам алқап бар. Оның 13 гектардан астамы — егіндік алқап, 9205 гектар — жайылымдық жер.
Биыл серіктестік 9525 гектар егістікке дәнді дақылдар егіпті. Соның ішінде 7 мың гектардан астам алқапта бидай, 1400 гектарда арпа, 365 гектарда сұлы, алты жүзге жуық гектарда сүрлемге арналған жүгері өсірген. Одан бөлек, 1500 гектарға біржылдық шөп ексе, 1120 гектарға көпжылдық шөптің тұқымын сепкен. Шаруашылық егінді уақытылы егіп, дер кезінде жинауға қажетті техникамен қамтылған. Мұнда жалпы 14 трактор, 4 егін егетін кешен, 12 комбайн, 2 жүк көлігі бар.
Кейінгі уақытта ауыл шаруашылығында ісін дөңгелетіп жүрген ірі кәсіпорындар бірнеше бағытта жұмыс жүргізгенді жөн көреді. «АгроДаму» ЖШС де осындай ұстанымда. Олай дейтініміз, мұнда сүт бағытындағы мал өсіруден бөлек, етті ірі қара мал ұстайды. Қазіргі таңда серіктестікте ет бағытындағы қазақтың ақ бас қара малынан 1711 бас бар. Оның ішінде 565-і – сиыр. Ал сүтті мал саны – 1339 бас. Соның ішінде 731-і – сүтті сиырлар. Мұнда сауылатын сүт облыс қажеттілігін қамтуға жөнелтіледі.
Айта кетейік, тауарлы сүт фермасы үшін сиырлардың барынша сүтті болғаны абзал. Сондықтан, кәсіп иелері де тәулігіне көбірек сүт беретін асыл тұқымды мал басына басымдық береді. Мәселен, жуырда әкелінген голштин сиырлары әлемде сүтті ең көп беретін тұқым түріне жатады екен. Денесі де ірі саналады. Жаңа туған бұзауының өзі шамамен 35-45 келі көлемінде болатын көрінеді. Бұл тұқымнан туған төлі өте өсімді әрі күтімі де қарабайыр саналады екен. Ең бастысы, күніне аталмыш сиырлар 22-27 литр шамасында сүт береді. Сондай-ақ, суалмай сауылатын кезеңі де өзге тұқымдарға қарағанда ұзағырақ көрінеді. 305 күнге дейін созылады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.