«Еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс» — бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты таза ауызсумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлуі түсінікті. Өйткені ауызсудың сапасы ел тұғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Бүгінгі күні аудан ауыл-аймақтарында сумен қамту қандай деңгейде, бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
Қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, қалаларды ауыз су және кәріз жүйесімен қамтамасыз етумен қоса, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ал ауылдық жерлердегі кәріздер жөндеуді, ескі орамдар қайта жаңарту жұмыстарын қажет ететіні белгілі. Бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын бастау алған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Қазіргі уақытта ауданда сумен жабдықтау желілерін қайта құру бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Мәселен, ауданға қарасты 22 ауылдағы орталықтандырылған ауызсуға қызмет көрсететін «Ауыл-Су» ЖШС-нің басшысы Виталий Бруцскийдің айтуынша, бүгінгі күні шалғай жатқан елді мекендерде де халықты ауызсумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жыл санап орталықтандырылған су жүйесін пайдалану көрсеткіші де артып келеді.
— Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда ауызсу тапшылығын жоюдың маңызы зор. Таза ауызсу әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет. Ауылдарды сумен толық қамту мәселесі Павлодар ауданында біртіндеп шешіліп келеді. Жалпы, су құбыры желілері мен блокты-модульдік станциялардың қондырғыларын салу жобаларын іске асыру ауылдардағы тұрғындардың таза ауызсуға қажеттіліктерін үздіксіз қанағаттандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Біздің кәсіпорын ауданға қарасты 22 елді мекенге қызмет көрсетеді. Орталықтандырылған құбырлардың ұзындығы 10 шақырымнан бастап 20 шақырымнан асады, — деді кәсіпорын басшысы.
Сала мамандарының мәліметіне сүйенсек, ауданда таза ауызсумен ауылдық округ орталықтары ғана емес, алыстағы елді мекендер де қамтамасыз етілген. Мемлекеттік бағдарламалар аясында тамшыдан туған түйткіл осылайша өз шешімін тауып келеді. Олай болса, ағымдағы жылы аудан тұрғындары толықтай сапалы ауызсуға қол жеткізетін болады деп сенеміз.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.
Павлодар ауданы.