Баянауыл ауданында «Таза Баян – таза жүрек» акциясы өтуде. Оған облыс жастары мен Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері белсенді қатысуда.

Аталмыш іс-шараның ашылу салтанатына Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Диас Жәкенов, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Аждар Жүсіпов арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ұйымдастырушылар экологиялық акцияның басты мақсаты – Баянауылдағы демалыс аймағын және киелі орындарды қоқыстан тазартып, туристердің назарын табиғатқа ұқыпты қарауға аудару, дейді.

Шараға қатысқан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Азамат Қожайбердиев акция қатысушыларына су айдындарындағы қауіпсіздікті сақтау керектігін түсіндірді. Сондай-ақ, аталған бөлім қызметкерлері мұнда келушілерге қауіпсіздік шараларын сақтау ережелері жазылған жадынамалар таратты.

Н.АҚЫТЕГІ.