Оқушыларды аудандағы және аймақтағы тарихи, киелі жерлермен таныстыру мақсатында «Ақшиман-Торайғыр» бағытындағы 3 күндік жазғы демалыс ұйымдастырылды. Оған 100-ге жуық аудан оқушысы қатысты. «Май жібек жолы» жобасы аясында балалар өңіріміздің тарихымен танысып, сұлу табиғат аясында демалды.
Оқушылар алдымен Май ауданындағы «Қалмаққырылған» тауының бөктеріне барды. Сондай-ақ, Мақат қажы, Ақбалық Хәзірет, Қайса ата кесенелерінде тұлғалар туралы мағлұматтар алды.
Саяхаттың екінші жартысында Баянауыл ауданының Торайғыр ауылына жол түсті. Онда ауылдың әсем табиғатын тамашалап, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі мен мұражайына барды. Одан бөлек, «Қоңыр әулие», «Ақбеттау» және «Сәкен шыңы» аталып кеткен тау жоталарын тамашалай алды. Кейін квест ойыны мен спорттық сайыстарға қатысып, алау жанында өз естеліктерімен бөлісті.
Демалыс соңында оқушылар Ақшиман ауылының сыртында тазалық жұмыстарын жүргізіп, «Экологиялық десант» акциясына қатысты. Туған өлкенің тазалығын сақтауға атсалысқан барлық командаға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Өз тілшіміз.