Биыл астықты өлке — Шарбақты ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Ғасырға жуық уақыт аралығында аталмыш аудан аймағымыздың, тұтас елдің дамуына сүбелі үлес қосып отыр.
Аудан жұртшылығын айтулы мерейтоймен облыс әкімі Асайын Байханов құттықтап, ізгі лебізін әлеуметтік желі арқылы білдірді.
— Тамырын тереңнен тартқан Шарбақтының тарихы 1928 жылы орталығы Вознесенское ауылы мен Володарский ауданы құрылған кезден бастау алады. Үш жылдан кейін елді мекен Шарбақты атауына өзгертіледі. Бүгінде Шарбақты ауданы — өзіндік дәстүрлері, қызықты мәдениеті және жоғары экономикалық әлеуетімен қарқынды дамып жатқан өңір. Өлкенің мақтанышы — Шалдайдағы ерекше таспалы қарағайлы орманы, облыстан тыс жерлерге де танымал Шарбақтының Маралды емдік көлі. Ал ауданның басты байлығы — қажырлы еңбек пен туған жерге деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған тұрғындары. Құрметті шарбақтылықтар! Сіздерге және жанұяларыңызға амандық, баянды бақыт және мықты денсаулық, шағын отандарыңызға өркендеу тілеймін. Мереке құтты болсын! – деді Асайын Байханов. Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда 27 елді мекен бар. Мұнда барлығы 18 917 тұрғын тұрады. Оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарлама сәтті жүзеге асуда. Мәселен, биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірнеше елді мекенде әлеуметтік нысандар жаңадан салынып, жолдар жөнделуде. Алдағы уақытта да ауданның әл-ауқатын арттырып, көпшіліктің өмір сапасын жақсартуға бағытталған осындай ауқымды істер жалғасын таппақ.
Өз тілшіміз.