Биыл аймағымызда 140 мың гектар көлемінде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мемлекет меншігіне қайтару міндеті тұр. Құзырлы министрлік облысқа осындай меже белгілеп берген. Қазіргі таңда 70,7 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылған.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлім етті. Ағымдағы жылы қайтарылған жердің 20,6 мың гектары жалдау мерзімінің аяқталуына байланысты мемлекетке өткізілген. 42,2 мың гектар алқаптан иелері игере алмайтындықтан өздері бас тартыпты. Ал 4,4 мың гектарды мәжбүрлеп алуға тура келген. Қайтарылған жер көлемінің басым бөлігі, нақтысы, 60,8 мың гектары —
жайылымдық жерлер. 8 мыңнан астамы егістік, тағы 1,3 мың гектары — суармалы және тағы басқа мақсаттағы жер телімдері. Атап өтерлігі, қайтарылған жер көлемінің 18,6 мың гектары қайта айналымға тартылған. Көпшілікке белгілі, ауыл тұрғындары елді мекен маңында мал жаюға жер таппай, жиі қиналатыны бар. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде аймағымызда 151 мың гектар жайылымдық жер тапшы. Биыл мемлекет меншігіне өткізілген жердің 11,9 мың гектары дәл осы халықтың мұқтаждығын қанағаттандыруға беріліпті. Тіпті, Шарбақты ауданында екі жер телімін шаруашылық көпжылғы шөп егіп, тұрғындардың пайдалануына өткізген. М.Хамитов мал жаюға ауыл іргелерінде жер болмағанымен, шалғайда жайылымдық
жерлер жеткілікті екенін атап өтті.

— Жерді иесінен тартып алу — мақсат емес. Негізгі міндетіміз — пайдаланылмай жатқан жерді кәдеге жарату. Жыл сайын елімізде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі азайып келеді. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанда 10 млн гектар, былтыр 5 млн гектар, биыл 2,5 млн гектар алқап игерусіз жатқаны анықталған. Бүгінде пайдаланылмайтын жерді қайтару науқаны мықтап қолға алынғанынан хабардар азаматтар оны кәдеге жаратуға ден қойып жатқаны байқалады, — дейді Мұрат Қабылжапарұлы.

Жердің пайдаланылмай жатқаны «Қазақстан ғарыш сапары» атты геосервис арқылы қадағаланатын көрінеді. Жергілікті атқарушы органдар, жер қатынастары басқармасы және жер ресурстарын басқару департаменті арасында жерді қайтару кезінде қателіктерге жол бермеу мақсатында қайтарылған жерлерге салыстыру жүргізіп отырады. Аталған геосервис аймағымызда жалпы ауданы 502,3 мың гектар жайылымдық алқап пайдаланылмай жатқанын анықтаған. Яғни, оның 482,2 мың гектарында мал жоқ, ал тағы 20,1 мың гектарындағы жүктеме тым төмен. Олардың әрқайсысының иесіне ескерту жіберіліп, тексерілуде. Кейбір аумақ мемлекет меншігіне қайтарылса, кейбірінде иелері малдың барын растаған.

Облыс әкімі аймағымызда кәдеге жаратылмай жатқан суармалы алқаптарды кері қайтарудың арнайы жол картасын бекіткен. Осы тапсырмаға сәйкес суармалы жерлерге мониторинг жүргізіліпті. Нәтижесінде 24,3 мың гектар пайдаланылмайтын суармалы алқап анықталған. Оның 16,3 мың гектарына қатысты нақты шаралар қабылдау үшін құжаттар жер ресурстарын басқару департаментіне жолданыпты. Жалпы, жер иесіне бір жыл уақыт беріледі. Осы аралықта бір әрекет жасап үлгеруі тиіс.

Аталған департамент ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге биыл 9 тексеріс жүргізген. Былтыр мұндай 31 тексеру шарасы атқарылыпты. Қазіргі таңда жалпы ауданы 6,7 мың гектарға қатысты 8 тексеріс бойынша ескертуді орындау мерзімі аяқталуға жақындады. Егер пайдаланылмайтыны нақтыланса, оны ары қарай сотқа жолдайды. Бір айта кетерлігі, сот шешімі шыққанға дейін иесі оны кәдеге жаратуға қамданып үлгерсе, жер мемлекетке қайтарылмайды.

Сонымен қатар, бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді үлестіруде де жаңаша талаптар қолдануда. Яғни, жайылымдық жерлерді мыңдаған гектармен емес, 300-500 гектар шамасында бөлуге басымдық беріледі. Бұл — облыс басшылығының ұстанымы. Себебі, жерден нәпақасын табуға бет бұрған жастар үшін өте қолайлы. Олар бірден көлемді алқапты игеруге бел
бумайды.

  Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.