Баянауыл баурайында қысқы туризм маусымы салтанатты түрде ашылды. Бұл күні «Сабындыкөл Plaza» демалыс базасы аумағына қысқы спорт жанкүйерлері көптеп жиналды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының туризм бөлімінің бас маманы Еламан Өмірбектің айтуынша, облыс орталығынан 150-ге жуық жас маусымның ашылуына арнайы барған. Қысқы спорт пен белсенді демалысты жаны сүйетін қауымға түрлі ойын-сауық, конкурстар ұйымдастырылды.
Бүркітшілер мен саятшылар мерекелік сәттің сәнін келтірді. Қолөнершілер жасаған бұйымдар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Еламан Бауыржанұлының айтуынша, суретші жастар арасында Баянауылдың пейзажын суреттеу бойынша байқау ұйымдастырылған. Үздік үштікке енген жеңімпаздарға тұрмыстық техника түрінде сыйлық жасалды. Өзге де қатысушылар құралақан қайтқан жоқ. Оларға да естелік сыйлықтар табысталған.
— Баянауылда қысқы туризмді сөз етсек, мұнда Жасыбай, Сабындыкөл көлдерінің мұзы тиісті қалыңдыққа жеткен соң коньки тебу мүмкіндігі болады. Сабындыкөлге балықшылар жиі келеді. Мырзашоқы тау шаңғы кешені де жұмыс істейді. Мұнда сноудборд, шаңғы жалға беріледі. Бұл өңірдің табиғат ерекшелігіне байланысты тау етегінде қар тоқтау қиындығына байланысты 9 метрлік арқанды жолдың жұмысы ауа райына байланысты реттеліп отырады. Сондықтан белсенді демалыс жанкүйерлері кешеннің жұмыс кестесін әлеуметтік желідегі парақшасынан бақылап, біліп отырғаны абзал, — дейді Еламан Өмірбек.
Жалпы, таулы аумақтың ауа райының құбылмалығын, қатты болатынын ескеріп, демалушылар барынша сақтықпен, алдын ала ақпарат алып барған жөн, дейді мамандар. Айта кетейік, Баянауыл ауданында бірнеше күн түнеп, таза ауамен тыныстап, тыныштықта демалуға ниетті жандар үшін демалыс үйлері жұмыс істейді. Коньки, шаңғы мен үрлемелі шаналарда сырғанау мүмкіндіктері қарастырылған. Туристік жолдармен жаяу серуендеу жағдайы да жасалған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.