Мемлекет басшысы елдегі өртке қарсы техникаларды жаңарту туралы тапсырма берген болатын. Соның аясында Баянауыл ұлттық паркі 8 жаңа өрт сөндіру техникасымен толықты.
Мамандардың айтуынша, өрт сөндіруге арналған жаңа техникалар үш тоннаға дейін су тасымалдай алады. Сонымен қатар, бұл көліктер жол талғамайды. Қозғалыс кезінде де өрт сөндіре алатын заманауи құралдармен жабдықталған. Сол арқылы орман алқаптарындағы өрт ошақтарына жедел жетіп, қауіптің алдын алуға мүмкіндік мол, дейді төтенше жағдай саласының өкілдері.
Жаңа өрт сөндіру көліктері ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің республикалық бюджеттен бөлінген қаражаты есебінен сатып алынған.
Баянауыл ұлттық паркіне техникалардың кілттерін тапсыру салтанатына облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы, аудан әкімінің орынбасары қатысып, мекеме қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы.
