Өткен аптада облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Павлодар ауданына барып, көктемгі дала жұмыстарымен танысып қайтты. Сондай-ақ, сапар барысында аймақ басшысы аудандағы жол жөндеу жұмыстарын тексеріп, мердігерлік ұйымның жетекшілерімен және жеке кәсіпкерлермен кездесті.
Алдымен облыс әкімі Черноярка ауылдық округіндегі «Арман» шаруа қожалығында болып, жергілікті шаруалармен жүздесті. Мұнда ауданның көкөніс өсірушілерін тұқыммен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда аталмыш шаруа қожалығы 2 мың тонна өнімді сақтауға мүмкіндік беретін тоңазытқыш жабдығы бар заманауи көкөніс қоймасын салуда. Аудан әкімі Николай Дычконың айтуынша, биылғы жылы жалпы ауданның егістік алқабы 116,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде дәнді дақылдар 48686 гектар, жем-шөп 40125 гектар, майлы дақылдар 19750 гектар, картоп 4310 гектар және көкөністер 3380 гектар алқапты құрады.
— Ауданның көкөніс өсірушілерімен кездесіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өткізу мәселелерін талқыладық. Олардың көпшілігі табысқа және өнімді сақтауға бағытталған. Жақсы өнім жинаған кезде пайда табу үшін өнімнің өзіндік құнын оңтайландырумен айналысатын уақыт келді. Бүгінгі таңда фермерлер 116,2 мың гектар егістік алқабына тұқым сеуіп жатыр. Шаруа-
лар егіс жұмыстарын 5 маусымға дейін аяқтауды жоспарлауда. Ауданның нақты суармалы жерлерінің көлемі — 15,300 мың гектар, оның ішінде 500 гектар тамшылату әдісімен суарылады. Мичурин алқабын пайдалануға бергеннен кейін суармалы алқап
25 мың гектарға жетеді, — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, іссапар аясында аймақ басшысы ауданда ауыл шаруашылығы техникасының шығындалатын қосалқы бөлшектерін шығарумен, қойма жабдықтарын (тасымалдаушы ленталар, контейнер тиегіштер, көлбеу ленталар, картоп сұрыптағыштар) шығарумен айналысатын «МТС Береговое» ЖШС кәсіпорнында болды. Айта кетейік, қазіргі уақытта аталған кәсіпорын толығымен компьютерлік сандық басқару (CNC) станоктарымен жабдықталған. Сондай-ақ, бұл компания шаруаларға тұқымды дәл себу жабдықтарын орнату бойынша қызметтер көрсетеді. Бүгінде олар Қазақстанның барлық өңірлері мен көрші Ресей елінің Омбы облысымен жұмыс істеуде.
— Павлодар ауданындағы «МТС Береговое» ЖШС жұмысымен таныстым. Импорттық ауылшаруашылық техникасына арналған қосалқы бөлшектердің қымбат болуына байланысты кәсіпкер заманауи токарлық станоктарды қолдана отырып, бөлшектерді өндіреді. Сондай-ақ, кейбір құрал-жабдықтарды қалпына келтіреді. Өнімдерді алдымен өз техникасында сынақтан өткізіп, сәтті өткен жағдайда әріптестеріне ұсынуда, — деді А.Байханов.
Келесі кезекте аймақ басшысы көкөніс сақтауға арналған ағаш ыдыстар шығаратын «Agrotara-pvl» ЖШС кәсіпорнында болды. Мұнда ол көкөністерді сақтауға арналған ауыл шаруашылығы контейнерлерін өндіру технологиясымен танысты. Сондай-ақ, облыс әкімі өткен жылдың күзінде пайдалануға берілген Набережное ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысын тексерді. Нысанның қуаттылығы ауысымына 50 келушіге жетеді. Жалпы ауданы 341,47 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі күні күндізгі стационары бар бұл емханада 9 медицина қызметкері ауыл тұрғындарына амбулаторлық-емханалық көмек көрсетуде. Атап өтсек, стационарлық, дәрігерге дейінгі медициналық көмек, профилактикалық тексерулер жүргізу, жүкті әйелдер мен балаларды патронаждау, жүкті әйелдерді бақылау және тексеру, әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, сапар барысында аймақ басшысы аудандағы облыстық, аудандық маңызға ие жолдардың құрылыс барысын тексеріп, мердігер ұйым өкілдерімен кездесті. Айта кетейік, Павлодар ауданындағы ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 287,84 шақырымды құрайды. Аудан әкімі Николай Дычко биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Госплемстанция ауылында Октябрьская, Молодежная, Клубная, Банная көшелерінің бойындағы, Шагиров жолағы, Клубная, Әл-Фараби, Гаражная көшелерінің бойындағы ауылішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары басталғанын атап өтті. Мердігер — «Дорстрой» ЖШС. Бүгінде материалдарды жеткізу жұмыстары аяқталып, жер жұмыстары жүргізілуде.
— Ауданда қазір 375 млн теңгеге «Ауыл — ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы қарқынды іске асырылуда. Бұл балабақша ғимаратын, мәдениет үйін күрделі жөндеу, кентішілік жолдарды орташа жөндеу, Розовка ауылында воркаут-алаң орнату, сондай-ақ, «Асылтұқымды станция» ауылының ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұдан басқа, бонустық қор есебінен биыл 7 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, Кемеңгер ауылында жарықтандыруды күрделі жөндеу, арнайы техникалар сатып алу, 5 балалар ойын алаңын орнату, Заря ауылында жүгіру жолын, Рождественка ауылында шағын футбол алаңы бар спорт алаңын орнату, Шақат ауылында «Жастар» саябағын абаттандыру, Рождественка ауылындағы клубтың ауласына кесек тастар төсеу, Заңғар ауылындағы клубқа күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, —
деді Н.Дычко.
Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы Григорьевка ауылдық округіндегі «Набережное» ЖШС-нің егіс жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда құны 900 млн теңге болатын 695 гектар алаңда суармалы учаскесін іске қосу бойынша инвестициялық жоба жүзеге аспақ.
А.МҰҚЫШЕВ, Павлодар ауданы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.