Ауыл тұрғындары бизнес ашуға жеңілдікпен несие ала алады. «Ауыл аманаты» жобасы бірінші кезекте жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған. Бағдарлама жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев айтып берді.

— «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарын агробизнесті дамытуға тарту арқылы олардың жұмыспен қамтылуын және әл-ауқатын арттыру. Қаражатты жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыратын және атаулы әлеуметтік көмек алатын ауыл шаруашылығы кооперативтері мен жеке кәсіпкерлер ала алады, — деді Төлеген Көшербаев.  «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде алынған қарыздар негізінен мал шаруашылығын дамытуға жұмсалады. Бірақ басқа бағыттар да қамтылуда. Мәселен, облыста жобаға қатысушылардың бірі қаражатты ара шаруашылығын дамытуға, тағы біреуі ауылда шаштараз ашуға жұмсамақ. Бағдарлама аясында екі айда 160-тан астам өтінім мақұлданып, 112 адамға шағын несие берілді.  Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыста 318 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда, жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді.

— Қаржыландыру шарттары жеңілдетілген. Сыйақы мөлшерлемесі 2,5 пайыздан аспайды. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін қарыз мерзімі жеті жылға дейін, қалған бағыттар үшін – бес жылға дейін. Несиенің ең жоғары сомасы – 8,6 миллион теңге немесе 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш, зәкірлік пилоттық жобаларды дамыту үшін 27,6 миллион теңгеге дейін немесе 8 мың айлық есептік көрсеткіш, — деді Төлеген Баянбайұлы. Алдымен өтінімдерді аудандық комиссиялар қарайды, содан кейін оларды әрі қарай жібереді. Кепіл мүлкіне байланысты бас тартқан жағдайлар да кездеседі. Жоба аясында кепіл мүлкін қарыз алушының өзі ғана емес, үшінші тұлға немесе кәсіпорын да бере алады. Жобаға қатысу үшін құжаттарды қабылдау 5 мамырда басталды. Бүгінгі таңда 202 өтінім келіп түсті, оның ішінде 1,2 миллиард теңгеге 166 өтінім мақұлданды. Жалпы сомасы 820 миллион теңгеге жүзден астам шағын несие беріліп, 169 жұмыс орны құрылды. Жалпы, жоба павлодарлықтар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Ақсу ауылдық аймағының тұрғындары ең белсенді. Олар 25 жұмыс орнын құруды қарастыратын 18 өтінімнің 16-сы мақұлданып, 21 жұмыс орны құрылды. Тереңкөл және Ақтоғай аудандары да көшбасшылар қатарында. Қазіргі уақытта жоба бойынша жұмыс Шарбақты, Железин және Успен аудандарындағы баяу жүруде. Онда бес өтінім мақұлданса, құрылған жұмыс орындары жетеу ғана.

 

Т.ӘБІЛДА.