Ақтоғай ауданында жол инфрақұрылымы тұрақты жаңартылып келеді. Мәселен, осы жылы аудандық маңызы бар жолдарды, кіреберіс бағыттарды және елді мекендер ішіндегі көшелерді орташа жөндеуге шамамен 200 миллион теңге қарастырылған.
Аудан бойынша қанағаттанарлық немесе жақсы деңгейдегі жолдардың үлесі бүгінде 89 пайызды құрайды.
Электр желілерінің тозуы 60 пайыз болғанымен, жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдігі инфрақұрылымдық жобаларды алдағы жылдары да жалғастырып, сумен қамтуды арттыру, жолдардың сапасын жақсарту және тозған желілерді ауыстыру бағытында жұмыстар жүргізілетінін хабарлады.
Одан бөлек, ауданға қарасты 31 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ал қалған 12 ауылда сумен кешенді блоктық модульдер арқылы қамтамасыз етіледі.
Биыл ауызсумен қамту нысандарын күтіп ұстау үшін аудандық бюджеттен 209 миллион теңге бөлінді. Сумен жабдықтау желілерінің тозуы қазіргі уақытта 35 пайызды құрап отыр.
А.БОРАНБАЕВА.
Ақтоғай ауданы.
