Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгінде ауданда өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткендердің саны артуда. Жақында Ефремовка ауылында қайтарымсыз грант қаражатына шағын тігін шеберханасы ашылды.
Жас кәсіпкер Дина Елшібекова 2024 жылдың қаңтар айында отбасымен Шымкент қаласынан Ефремовка ауылына қоныс аударды. Еліміздің жұмыс күші артық өңірлерінен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілгеннен кейін жас отбасы субсидия алып, сондай-ақ, мемлекет тарапынан 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грантқа ие болады. Кәсіпкердің ауылда тігін шеберханасын ашу жобасы болашағы зор әрі бағдарламаның талаптарына сай деп танылып, өтініші комиссия отырысында мақұлданды.
Бүгінгі таңда жаңа ортада кәсіпкерлік қырымен танылған Дина Елшібекова өзінің жеке тігін шеберханасын ашып, кәсібін табысты жүргізуде. Айтуынша, тігін шеберханасы заманауи тігін машиналарымен және басқа да құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тапсырыс беруші мата түрлерін таңдап, өз қалауынша тіктіре алады.
А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.