Облыс орталығының іргесіндегі Мойылды ауылында жыл санап тұрғындар саны көбейіп келеді. Соған орай адамдардың жайлы жағдайда өмір сүруіне баса көңіл бөлінуде. Айталық, ауыл толығымен таза ауызсумен және көше жарығымен қамтылған.

Таяуда Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Мойылды ауылының тұрғындарымен кезекті есептік кездесуін өткізді. Қала маңындағы үлгілі ауылдардың бірі саналатын бұл елді мекенде ауқымды істер атқарылуда. Мәселен, биыл Республика күніне орай К.Кенжетаев атындағы жаңа мәдениет үйі ашылды. Ауыл толығымен ауызсумен және көше жарығымен қамтамасыз етілген. Жаңа тұрғын үй құрылысы ауданында электр желілерінің құрылысы аяқталды.

— Ауылдың абаттандыру жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. Бүгінде 38 қоқыс контейнері алаңы жабдықталып, стритбол алаңы орнатылды. Тұрғындардың өтініші бойынша келесі жылы Жерұйық көшесінде жаңа балалар ойын алаңы салынады, — деп атап өтті шаһар басшысы.

Айта кету керек, ауыл ішіндегі жолдардың барлығы дерлік асфальтталған. 2025 жылы ұзындығы 600 метр болатын Парковая көшесінің жолын жөндеу жоспарланған. Осылайша, ауылдағы жөнделген жолдардың үлесі 100 пайызға жетеді.

Қала әкімінің тұрғындармен бұған дейінгі кездесуінде көпшілік 1-ші кіреберіс жолды жарықтандырып, Абай көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуды сұраған еді. Аталған талап-тілектер орындалып, жұмыстар толығымен атқарылды.

Сонымен қатар, Хасар Хабылбеков Павлодар ауылының жұртшылығымен жүздесті. Бұл елді мекен тұрғындары бұған дейін электр энергиясының жиі сөнуіне шағымданатын еді. Енді мұндай түйткіл болмауы тиіс. Себебі ауылда жаңа қосалқы станцияның құрылысы аяқталуға таяу.

— Қазіргі қолданыстағы станция 1956 жылы салынған. Сондықтан ескі станция бүгінгі жүктемеге шыдас бермей, тұрғын үйлер жарықтан жиі ажыратылатын еді. Ендігі ретте электр энергиясымен қамту ісі шешімін табуы тиіс. Жыл соңына дейін қосалқы станция іске қосылады. Бүгінде бағандарды орнату жұмыстары жүргізілуде, — деп атап өтті қала әкімі.

Сонымен қатар, биыл ауыл ішінде тартанды жабыны бар екі ойын алаңы пайдалануға берілсе, келесі жылы тағы екі алаң орнатылады. Тұрғындар көптен бері көтеріп келе жатқан мәселе – сумен қамтудың да шешімі бар. Бүгінде орталық су құбыры құрылысының жобасы әзірленуде. Ол іске асқан жағдайда шағын ауданның қалған 47 үйі таза ауызсуға қол жеткізе алады.

Жалпы, қала әкімінің жұртшылықпен жүйелі жүздесуі жыл соңына дейін жалғасады. Ертең Жетекші, 18 желтоқсанда Атамекен кенті тұрғындарымен кездесу жоспарда бар. Ал 25 желтоқсанда Қ.Әбусейітов атындағы орталықта қала тұрғындарымен кездесу өтеді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.