Түлектер тартуы

Қыр 4, 2025

Май ауданының Баскөл ауылындағы А.Иманов атындағы лицей-мектебі биыл күрделі жөндеуден өтті. Білім ордасына ішкі әрлендіру жұмыстары жүргізіліп, жылыту жүйесі толығымен ауыстырылды.

Мектепке, сондай-ақ, бейнебақылау камералары мен өрт дабылы орнатылды. Асхана, мәжіліс залы және спортзалдың шатыры жаңартылып, электрмен жабдықтау жүйесі толықтай қайта жөндеуден өтті. Оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін спорт алаңдары абаттандырылып, жаңа алаңдар салынды. Мектеп ауласына қоршаулар мен төсеніштер орнатылды.

Жаңарған білім ордасында 1994 жылы мектеп бітірген түлектер өздерінің алғашқы ұстазына және алтын ұясына деген құрметін көрсетіп, физика кабинетіне заманауи ролл-штор сыйға тартты. Бұл түлектердің ұстазы – физика және математика пәндерінің мұғалімі Гүлбаршын Масығұтова. Шәкірттерінің тартуына ұстазы ризашылығын білдірді.

— Алғашқы түлектердің орны әрқашан бөлек. Олармен бірге біз алғаш қуандық, алғаш толқыдық, алғашқы жетістіктерге бірге жеттік. Бүгінде шәкірттерім елге сыйлы азамат болып, алтын ұя мектебін ұмытпай, осындай тарту жасап отыр. Бұл – зор мәртебе, — деді Г.Масығұтова.

 А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.