Железин ауданында барлығы 32 білім беру мекемесі бар. Оның 29-ы жалпы білім беру мектептері болса, біреуі — қосымша білім беретін ұйым. Одан бөлек, тағы екі балабақша жұмыс істейді.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Маржан Алшымбаеваның айтуынша, әр білім беру мекемесінде жылуға жауапты ұйым бар. Мәселен, 22 мектепті қысқы жылумен қамту қызметі «Сапро-НАТ» ЖШС-не сенімді басқаруға берілген. Бес білім беру мекемесі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Тағы төрт білім ордасы электр жүйесімен жылытылады. Сәйкесінше, аталмыш ауданда 2017 жылдан бері білім беру бөлімі мектептер мен балабақшаларға қысқа көмір сатып алу, жеткізу сынды мәселелерге бас қатырмайды. Тек жауапты ұйымдарға қызметтің құнын төлейді. Десе де, дайындық барысын пысықтап, әр білім мекемесінің жағдайын біліп отыратын көрінеді. Бөлім басшысының мәліметінше, қазіргі таңда барлық нысандарда жылу жүйелерін шаю, тазалау жұмыстары жасалған. Прииртышск және Лесная орта білім беру мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы аптада бұл нысандардағы жөндеу нәтижесі қабылданбақ.

 

Г.МАҒЖАН.