Тұрғындарды не толғандырады?

Мау 26, 2025

Аудан әкімі өңірге қарасты елді мекендерді аралап, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түруде. Кездесу барысында ауылдықтар тарапынан ауызсу, жол және жарық мәселелері көтерілді.

Жақында аудан басшысы Ардақ Кісентаев Ұзынбұлақ, Сәтбаев, Бірлік ауылдары мен Майқайың кентінің жұртшылығымен жүздесті. Жергілікті халыққа Баянауыл аумағында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, келер жылы жүзеге асатын жоба-жоспарлар таныстырылды. Атап айтқанда, биыл жыл басынан бері аудан бойынша ірілі-ұсақты 41 жоба қолға алынып, аяқталған. Сондай-ақ, қазіргі таңда абаттандыру бойынша  бірқатар жобалар қолға алынуда. Алайда ел игілігі үшін ілкімді істер атқарылып жатқанымен, тұрғындарды толғандырған мәселелер де жоқ емес. Айталық, Ақши ауылының халқы жол салу, судың сапасы жайлы мәселе көтеріп, Ұзынбұлақ-Баянауыл бағытында жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бойынша өтініш білдірді. Ал Бірлік ауылының тұрғындарын ауызсу, жол және жарық мәселелері толғандырса, майқайыңдықтар абаттандыру жұмыстарына көбірек көңіл бөлу керектігін алға тартты.

Аудан әкімі ауылдықтар тарапынан айтылған мәселелер қарастырылатынын айтып, жауапты адамдарға тапсырма берді.

Н.ШОДЫР.