Соңғы уақытта Шарбақтыда тұрғындар санының азайып кеткені байқалуда. Осыған орай өңірде аталған мәселенің мән-жайын анықтап, тиісті шаралар қабылдауға бағытталған жұмыстар қызу қолға алынуда.
Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, көші-қон үдерістерін талқылауға арналған кеңес өтіп, елді мекендердегі демографиялық жағдайға талдау жасалған.
– Ауылдық округ әкімдеріне және тиісті мекемелерге бірқатар міндеттер жүктелді. Атап айтқанда, елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашу, ауданымызға алыс-жақыннан қоныс аударған азаматтарға жан-жақты жағдай жасау, әсіресе, жастарды ұстап тұру керектігі айтылды. Сондай-ақ, көші-қон деректерін ретке келтіріп, жалған тіркеу жағдайларына жол бермеу тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады, – дейді Сержан Иманқұлов. Оның айтуынша, ағымдағы жылы Шарбақтыға өзге өңірлерден көшіп келіп жатқан отбасылары осында тұрақтап қалуға ниет білдірген. Ендігі мақсат – қоныстанушылардың тұрақтап қалуына мүмкіндік жасау, дейді аудан басшысы.
Н.ШОДЫР.
Шарбақты ауданы
