Тұрғындар бастамасы

Нау 20, 2025

Ақсу қаласында төртінші жыл қатарынан «Tugan Qala» жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Биыл аталмыш жобаның аясында шағын шаһарда футбол және стритбол алаңы, белсенді демалыс орталығы орнатылып, басқа да инфрақұрылымдық жобалар қолға алынбақ.

Ақсу қаласы әкімдігінің және ERG компаниясының қолдауымен басталған жобаға биыл 107 идея ұсынылды. Сарапшылық кеңес олардың қатарынан 31 жобаны іріктеп алып, көпшіліктің талқысына салды. Сөйтіп, халықтың басым дауысы арқылы қолдауға ие болған 10 инфрақұрылымдық және 6 оқиғалық жоба жыл соңына дейін жүзеге асатын болды. Бұл мақсатқа жоғарыда аталған компания 130 млн теңге бөліп отыр. Бұл ретте «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиев жыл санап жобалар қатары көбейіп келе жатқанын атап өтті. Айталық, 2021 жылы барлығы 46 бастама ұсынылса, биыл 107 ұсыныс қарастырылды.

Биыл жобасын жүзеге асыратын жандардың бірі – Ақсу ферроқорытпа зауыты №2 балқыту цехының бастығы Рустам Бақраденов. Оның алаң салуға қатысты ұсынысы 360-тан астам дауыс жинаған.

— Кәсіби стритбол алаңын орнатуға қатысты идея ойымда бұрыннан жүрген. Бірақ оны істе асыратын тиімді тетікті таппадым. Кейін «Tugan Qala» жобаларының аз уақытта сапалы орындалатынын байқап, жобамды ұсынуды жөн көрдім. Енді жастар және ересек командаларының кәсіби алаңда шынығып, дайындалуына өз үлесімді қосатыныма қуаныштымын, — дейді ол.

Жалпы, жоба басталғалы Ақсу қаласында тұрғындардың 43 бастамасы сәтті орындалды. Бұл мақсатқа 335 млн теңге жұмсалды.

С.САҒЫНАЙ.