Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына шарбақтылық тұрғындар белсенді қатысуда. Аталмыш шара аясында Шарбақты ауданында ұйымдастырылған сенбілік шарасы ойдағыдай өтті, дейді мамандар.
Аудан әкімдігінің ақпараты бойынша тазалық науқаны барысында 8 техника жұмыс істеген. Тұрғындар өңірді күл-қоқыстан арылтуға аянбай өз үлестерін қосты. Бірлескен еңбектің нәтижесінде орталық көшелер, қоғамдық орындар мен іргелес аумақтар тазартылды. Қурап қалған өсімдік сабақтары да алынып, жиналған қоқыстар толық шығарылды.
— Ауданымыздың тазалығы мен көркеюіне үлес қосқан барша жанға шынайы алғысымды білдіремін. Тек бірлігіміздің арқасында ғана ортақ шаңырағымыз – туған өлкемізді таза да жайлы ете аламыз. Таза аудан – таза аймақ кепілі, — деп атап өтті Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов.
Н.ШОДЫР.