Прииртышск ауылы биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында біршама жаңарып, ажарланып қалды. Себебі, мектеп мен мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Кіреберіс жолы мен көшелері асфальтталды.
Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылумен қамту үшін жаңа қазандық салынды. Оған қоса, демеушілер есебінен елді мекеннің кіреберісіне арка орнатылды. Осындай оң өзгерістер орын алған. Аудан әкімі Айтуған Шайхимовтің халықпен кездесуінде тұрғындар жасалған жұмыстарға алғыстарын білдірді. Талап-тілектерін де бүгіп қалмады.
Мәселен, шаруалардың бірі жиналған астықты өткізуде қолғабыс жасауды өтінді. Бұл еліміз бойынша қалыптасқан жағдай екені ескерілді. Дегенмен, аудан басшылығы мәселені бақылауға алды. Одан бөлек, ауыл азаматтары ауылдық әкімдіктің балансындағы коммуналдық тракторды жөндеп беруді сұрады. Қыста қар, жазда қоқыс шығаруға жарайтын техника бұзылып, кәдеге жарамай тұрған көрінеді. Әкімдік қосалқы бөлшектерін алып, ретке келтіретінін мәлім етті. Екі қабатты коммуналдық тұрғын үйдің шатырын жөндеу мәселесі көтерілді. Аудан билігі тұрғындар да қаржы қосып, шатырды жөндеуге ниет білдірсе, әкімдік те қарап қалмайтынын алға тартты. Ауыл азаматтары өрттен кейін қабырғасы ғана қалған екі қабатты үйді сүріп тастауды сұрады. Балалар қауіпсіздігі үшін қажет. Ол үшін ауыл әкімі заң жүзінде жасалу рәсімдерін қолға алып, барынша қысқа уақытта реттеу мүмкіндіктерін қарастырмақ.
Г.ТҮГЕЛБАЙ.