Баянауыл ауданына қарасты ауылдық округ әкімдері, Мансап орталығы және жергілікті кәсіпкерлер меморандумға қол қойды. Аталған құжат оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар мен шетелден келген қандастарға қолдау көрсетуге арналған.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, аймақ басшысының тапсыр-масы бойынша алыс-жақыннан көшіп келіп жатқан ағайынға қамқорлық жасау мәселесі оң шешімін табуда.
– Атап айтсақ, МТС «Жайма» ЖШС, «BAYANAUL AGRO», «Қараүңгір», «Ақ атан», басқа да шаруа қожалықтары бастаған 20 кәсіпкер құжатқа қатысушы тарап ретінде өз міндеттемелерін бекітті. Соның аясында қоныс аударушыларды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету, тұрғын үй мәселелерін шешуге жәрдемдесу, сондай-ақ, олардың жаңа ортаға тез бейімделуіне ықпал ету бағытындағы жұмыстар айқындалды, – деп атап өтті аудан әкімі.
Бұл меморандум өңірге қоныс аударған азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді қатысуына мүмкіндік беретін маңызды қадам болып табылады, дейді мамандар.
Н.ШОДЫР.
Баянауыл ауданы.
