Ақтоғай ауданының орталығында екі қабатты 24 пәтерлі тұрғын үйдің кілттері көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға табысталды. Ақтоғайлық ағайынның қуанышымен бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов арнайы барды. Салтанатты шараға қатысқан Серік Барлыбайұлы пәтер кілтіне ие болған азаматтарды құттықтап, мұндай игі бастамалар Ақтоғай ауданында әлі де жалғасатынын атап өтті.
— Осы жылы облысымыздың бірнеше ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 24 пәтерлі тұрғын үй салынды. Оның ішінде Ақтоғай ауданы да бар. Мұндай игі бастамалар бүгінде Железин, Ертіс, Тереңкөл аудандарында жалғасын табуда. Әрбір тұрғын үйге мұқтаж азаматтың баспаналы болуына жағдай жасау – мемлекетіміз ұстанатын басты бағдарлардың бірі. Жаңа үйлер берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін! – деді ол.
Аталған 24 пәтерлі тұрғын үй көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарды қолдауға бағытталған. Жергілікті билік бұл баспаналар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мен тұрғын үй мәселесін шешу жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
— Тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталып, қараша айында аяқталды. Аталған жұмыстарды астаналық «Ойл Строй и Ко» жеке құрылыс мердігері 439 млн теңгеге орындады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 13 млн теңге, облыстық бюджеттен қарыздар есебінен 360 млн теңге және аудандық бюджеттен 65 млн теңге қарастырылды. Үйлерді салуға тоғыз жұмыс тобы, жергілікті тұрғындар тартылды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары да кәсіптенді.
Бүгінде бір бөлмелі – 12, екі бөлмелі – 8 және үш бөлмелі 4 пәтер қолданысқа берілді. Бір пәтердің ауданы 100 шаршы метрді құрайды. Пәтерлер толығымен заманауи талапқа сай жасалған. Тұрғын үйге жылу орталықтандырылған жылу жүйесінен келеді. Бүгінге дейін үй кезегінде әлеуметтік осал топтағы санаттар бойынша 80 адам тіркелсе, қазіргі уақытта олардың саны 56 адамды құрайды, — дейді Ақтоғай аудандық экономиканың нақты сектор бөлім басшысының орынбасары Самат Секенов. Жаңа екі қабатты үйлердегі пәтер кілттерін толық емес отбасылар да алды. Олардың қатарында Жұлдыз Әбділмәлікова да бар. Ол балаларымен әлі де жайлы үйге қоныстанғандарына сене алар емес.
— Үй кезегінде 9 жылдай тұрдық. Бұрын жер үйде тұрғандықтан бөлме-лерді жылы ұстауға, үнемі пеш жағуға, көмірге, отынға көп ақша жұмсауға тура келетін. Енді мұндай мәселе жоқ. Жаңа үйіміз орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Тұрғын үй әсіресе, балаларыма өте қолайлы. Себебі, мектеп үйдің жанында орналасқан. Бұйырса, жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы аламыз, — дейді Ж.Әбділмәлікова.
Айта кетейік, бұл тұрғын үйден бөлек Ақтоғай ауылында осы жылдың қазан айынан бастап тағы бір 24 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар келесі жылы аяқталуы тиіс.
Айдана БОРАНБАЕВА,
Ақтоғай ауданы.