Успен ауданы заманға сай оң өзгерістерді бастан кешіруде. Неге десеңіз, мұнда білім, медицина, әлеуметтік және кәсіп-керлік қызмет салаларында жыл сайын оңтайлы өзгерістер орын алуда. Алайда кейбір ауылдарда жақсартатын тұстары да бар. Аудан тұрғындары мал және егін шаруашылығымен айналысса, енді біреуі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қызметінің мәртебесін арттырып, жеке кәсібін дамытуда.
Тобылжан мектебін өзгерістер күтуде
Ауылдың орта білім беру мектебінде 55 оқушы білім алуда. Соған қарамастан спорт саласында жетістікке жетіп, ауыл даңқын шығаруда. Биыл үстел теннисінен облыстық деңгейде жүлделі орынға ие болып, республикалық сайыста өңір атын қорғаған. Бүгінде балалардың спортқа деген ерекше қызығушылығын қорғау мақсатында білім ордасына 10-нан аса жаңа заманауи үстел теннисі сатып алынған. Сондай-ақ, бүгінде кеңінен танылған робототехника үйірмесінен де байқауларға қатысып, білімдерін жетілдіреді. Осы жылы мектеппен қоштасқан үш түлектің екеуі грантқа оқуға түсіп, біреуі колледжде тегін оқиды.
– Аудан бойынша Тобылжан мектебі ескі мектептердің қатарына енеді. Елу жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген мектеп келесі жылы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Жоспар бойынша «Ауылым – ел бесігім» жобасы іске асу бойынша білім ордасында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа мамандарды жұмысқа қабылдаймыз. Ауқымды жөндеуден кейін ауылдық шаралардың барлығын осы білім ордасында өткіземіз. Қазіргі таңда ұстаздардың жетіспеушілік және интернет мәселесі өзекті. Көршілес ауылдардан ұстаздар келіп, балаларды мектеп бағдарламасына сай оқытады. Ал интернет сапасының мәселесі шешімін тапса, робототехника бойынша алынған құрылғыларды қолданып, цифрландыру саласында көкжиектерін кеңейтер еді. Алдағы уақытта мектебіміз белестерді бағындыратынына сенімдімін, – дейді орта білім беру мектебі директорының міндетін атқарушы Мақсат Фарукшин.
Ауылдың тіршілігіне қызығып, мұнда балалардың дамуына ықпал етуді көздеген Денис Ельков — өз ісінің маманы. Еңбек жолын өндірісте инженер-электрші қызметінен бастап, кейін менеджмент саласында білімін толықтырып, экономика мамандығы бойынша Берлин қаласында тәжірибе жинаған. Осылайша 2018 жылдан бері робототехникамен етене байланысып келеді. Тіпті робототехника мектебіне де жетекшілік еткен. Осыдан жеті жыл бұрын «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы арқылы жақын маңдағы Павлодар ауданында үй алып, Тобылжан мектебіне информатика, физика және математика пәндерінен сабақ береді.
– Робототехника бағытымен енді айналыса бастағанда мектеп оқушыларымен бірге байқаулардан бас тартпай, түрлі құрылғыларды жасап шығардық. Оның ішінде робот-бағыттаушы, робот-бақташы бар. Ал бүгінгі таңда сайыстан бұрын жобаларға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Алдағы уақытта Стем арқылы білім беру жобасын іске асырып, арнайы кабинет ашсақ деген ойымыз бар. Мұнда қажетті мамандықтардың бірі жұмысшы мамандықтар бойынша мысалы слесарлық салада болашақ мамандарды дайындап, өмірлік кәсіптеріне қызығушылықтарын тудыруға мүмкіндік берер едік. Біздің ауылдағы балалардың бірі Илон Масктай жетістікке жетуіне қолғабыс болуға бар күшімді саламын, –
дейді ұстаз Денис Ельков.
Спортқа баулуға жол ашық
Биыл Равнополь ауылында ауыл тұрғын-дарының спортқа деген қызығушылықтарын арттыру және балаларымен бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында воркаут алаңы ашылды. Онда 8 түрлі жаттықтырғыш бар. Сонымен қатар, жаттық-тырғыштар маңында волейбол және балаларға арналған ойын алаңдары орналасқан. Бұдан былай Равнополь ауылдық округінің тұрғындары отбасымен бірге алаңға келіп жаттығуға мүмкіндіктері бар.
Еңбек жолы ауданнан басталған
Әділ Родионов осы жылы жоғары оқу орнын ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша тәмамдап, ауылға барып еңбек етуге бел буады. Қазіргі таңда Успен ауданы әкімдігінің бас маманы қызметін атқаруда.
– Бүгінде порталға келіп түсетін өтініштерді қабылдап, ауыл тұрғындарын мазалайтын сұрақтардың жауабын тауып, дер кезінде жауап беруге тырысамын. Әсіресе шаруа қожалықтарымен етене араласып, байланысымызды нығайтудамыз. Биылғы көрсеткіштеріміз де жақсы. Аудан бойынша егіс алаңы өткен жылы 251,7 мың гектар болса, биыл 243,7 мың гектарды құрады. Оның ішіндегі дәнді дақылдар, бидай, қарақұмық, майлы дақылдар, күнбағыс, жем-шөп дақылдары, картоп, көкөністер мен бақша дақылдарының көлемі аудандық егіс алаңын толтыруда. Туындаған мәселелерді шұғыл түрде шешуге тырысамыз. Тәжірибелі мамандардың қатарында еңбек етіп, көпке үйреніп келемін, – дейді жас маман Әділ Родионов.
Жас маман алдағы уақытта магистратурада оқуын жалғастырып, болашақта өз шаруа қожалығымен айналыспақ. Жастарға осындай сұранысы мол агроном сынды мамандық таңдап, кәсібін жетілдірумен қатар елдің дамуына үлес қосып, белді маман атануына шақырады.
«Ауыл аманаты» белең алуда
Ағымдағы жылы Успен ауданындағы кәсіпкерлер ісі оңға басты. Орталықта жаз мезгілінде аялдама жанында 16 орны бар «Суши Манго» кафесі ашылған. Онда үйреншікті фаст-футтен бөлек асханалық ыстық тағамдар да бар. Сондай-ақ, жолаушыларға арналған билеттерді де сатып алуға болады. Қысқы уақытта жылынып, жаз маусымында шөл қандыратын жайлы кафелердің бірі. Сонымен қатар, тұрғындар тағамды жеткізу қызметін қолданады.
Жақын арада ауданда «Уйгурка» атты кафе ашылмақ. Кәсіпкер Әбітжан Исламбеков ауыл тұрғындары лағман, палау тағамдарын ерекше ұнатып, осындай кәсіптің ашылуын күтіп жүргенін айтады. Зейнет жасына шыққанымен жұбайы екеуі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өздерінің жеке кәсібін ашуды ұйғарған. Бұған дейін жалға еңбек етіп, дәмді тағамдарымен көпшіліктің көңілін баурап алған. Мұнда күнделікті ас ішіп қана қоймай, шағын той да өткізуге болады.
Салтанат ҒАББАС.
Успен ауданы.