Май ауданынан шалғай орналасқан Ақшиман ауылында жаңа медициналық пункт бой көтерді. Әлеуметтік мекеме «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» жалпыұлттық жобасы аясында ашылды.
Құрылыс жұмыстарына жауапты болған «IT-Invest company» мердігерлік ұйым аталған жұмыстарды 142 млн теңгеге орындады. Құрылыс осы жылдың мамыр айында басталып, тамыз айында аяқталды. Емханада ем-дом шаралары, физиотерапия, дәріхана, науқастарды қабылдауға арналған және күндізгі стационар бар.
Медициналық пункт ЭКГ жазуға арналған телекардиограф, дефибриллятор, тыныс алу жолдарынан аспирацияға арналған электр сорғыш құрылғы және көктамырішілік инфузияға арналған шприцті инфузиялық сорғылар секілді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, мұндай мекеме жуырда Ақжар ауылында да ашылған болатын.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.