Шаруалар қорадағы төрт түлігіне қысқы жем-шөбін әзірлеуге білек сыбана кірісті. Шөп шабу науқаны қызу. Былтырғы қуаңшылықтан кейін биылғы шөптің шығымдылығы ауылдағы ағайынның көңіліне медеу. Табиғаттың сыйын шашпай-төкпей жинап алуға тырысуда.
Ауданда мал ұстайтын 1620 жеке аула, 80 ауыл шаруашылығы тауар өндіруші бар. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, жеке аулалар мен шаруа қожалықтарына малды қыстан аман алып шығу үшін жоспар бойынша 106,3 мың тонна шөп жинау қажет. Қазіргі таңда 101 гектар алқаптан шөп шабылған. Бұл — жоспарлы 115 гектардың 87,8 пайызы. Яғни, железиндік шаруалардың жылдық жоспарды орындауларына шақ қалды. Бір қуантарлығы, биыл шөптің шығымдылығы өткен жылғыдан айтарлықтай жоғары. Ағымдағы жылы гектарынан орташа есеппен 9,5 центнер шөп алынуда. Тіпті, кейбір шаруалар биылғы өнімділікті ұтымды пайдаланып, екі жылдық қажеттілікті өтейтін көлемде шөп шауып алмақ көрінеді.
Одан бөлек, 13 мың тонна пішен дайындалған. Жалпы, биыл 17,9 мың тонна пішен әзірлеу көзделіп отыр. Шаруалар шөп шабу науқанын қыркүйек айының ортасына дейін аяқтамақ.
Шаруашылықтардың көктемгі жиын-терім жұмыстарына арзандатылған дизельді отын бөлінген. Железин ауданында 3640 тонна жанар-жағармай қарастырылса, бүгінде оның 1014 мың тоннасына өтінім түскен. 620 тоннаның ақысы төленген. Шаруалар 363 тонна дизельді отынды әкетіп үлгерген. Айта кетейік, дизельді отынның тоннасы 282,4 мың теңгемен босатылуда.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.