Астықты өлке — Ертіс ауданында қыс мезгіліне 123,5 мың тонна шөп, 6 мың тонна сүрлем және 19 мың тонна пішен дайындау жоспарланған.
Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл жалпы аумағы 89,3 мың гектардан шөп шабу көзделуде. Оның ішінде 16,6 мың гектар — жайылмалы шалғын, 44,9 мың гектар — шабылатын жайылым, 15,6 мың гектар — көпжылдық шөп, 12,2 мың гектар біржылдық шөпті алып жатыр. Шабылатын жайылымдарда өнім түсімі гектарына 11,2 центнерді, жайылмалы шалғындарда өнім түсімі гектарына 25 центнерді құрамақ. Қазіргі уақытта дала төсінде шөп шабу жұмыстары жалғасуда. Бұл ретте 77 мың гектар жерде шөп шабылды. Жалпы көлемі 89,7 мың тонна мал азығы әзірленді. Сонымен қатар, 15,5 мың тонна пішен дайындалды. Бұл жоспардың 82 пайызын құрайды. 1,8 мың тонна сүрлем, 10 мың тонна сабан да әзірленді. Қысқы мал азығын дайындау ісімен «Абай» ЖШС, «Ертіс» ЖШС, «Оразбаев» шаруа қожалығы, «Дауыл» ЖШС, «Олжас» шаруа қожалығы, «Солтанбет» шаруа қожалығы, «Байкал» шаруа қожалығы, «Ерлан» шаруа қожалығы, «Замандас» шаруа қожалығы, «Данат» шаруа қожалығы сынды өзге де серіктестіктер айналысуда. Шөп шабу науқанын уақытылы жүргізу үшін 99,97 тонна көлемінде арзандатылған дизель отынын алуға 9 өтінім берілді. Мал азығын дайындауға барлығы 157 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.