Биыл табиғаттың тосын мінезі шаруаларды әбден әбігерге салды. Әуелі Ертіс өзенінің көктемгі тасу деңгейі төмен болып, жайылымдарға су аз жайылды. Тіпті, кейбір аудандардағы алқапқа мүлдем жеткен жоқ. Бұл – тоғайдың шүйгінді шөбінен қол үзу деген сөз. Ол аздай, аптап ыстықта жауын жаумаған соң қырдағы шөп те күйіп кетті. 

Қыстың қамын жаз ойлаған шаруалар мал азығын дайындай алмаймыз деп алаңдаулы. Диқандар да мол шығынға батамыз деп қайғырып отыр. Тығырыққа тірелген ағайын өңірде төтенше жағдай жариялап, әкімдіктен көмек сұрауда. Қазір қай ауылға барсаң да осы әңгіме. Мұны қаперіне алған облыс әкімі Асайын Байханов шаруалардың басын қосып, мәжіліс өткізді. Жиында қуаңшылықтан зардап шеккендерге қолдау көрсету және ауыл шаруашылығы саласын дамытудың тетіктері талқыланды. Ең әуелі облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов қуаңшылық бойынша ағымдағы жағдайға тоқталды. Оның айтуынша, Ертіс өзенінің көктемгі тасу деңгейі төмен болуының зардабын, әсіресе, Май және Аққулы ауданының шаруалары тартып отыр.

– Бүгінде облыс бойынша 981 мың гектар дәнді дақылдар алқабының 98 мың гектары «жақсы» деп бағаланады. 661 мың гектары қанағаттанарлық деңгейде болса, 75 мың гектары «жаман» деген бағаға ие. Ал 147 мың гектар алқап күйіп кетті. Яғни, жарамсыз. Малдың азығына тоқталсақ, бүгінде аймақта шөптің шығымдылығы орташа есеппен гектарына 12,1 центнерді құрап отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде көрсеткіш 16,6 центнерге тең еді. Қуаңшылыққа қарамастан шөп шабуға болатын әр шабындық кәдеге жаратылуда. Қала берді, көршілес орналасқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен келіссөздер жүргізіліп, шөп тасымалдауға ниеттіміз, – деді С.Батырғожинов. Қуаңшылықтың зардабын тартып отырған шаруалар қолдаусыз қалмайды. Атап айтсақ, арзандатылған жанар-жағармайдың көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға көбейген. Шөптің құнын арзандату үшін 2 миллиард теңге бөлінген. Бұдан бөлек, әр ірі қараға 15 мың теңге, ұсақ малға 5 мың теңге субсидия қарастырылған. Кешенді шара-ларға тағы 1 миллиард теңге қаражат бөлу қарастырылуда. Айтпақшы, былтырдан бері шаруалардың қолына тимей жүрген субсидияның барлығы үлестіріп берілмек. Жиында бірқатар шаруа қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялауды сұрады. Олардың айтуынша, егер төтенше жағдай жарияланса, агрокомпаниялардан алынған несиелерді төлеу мерзімі шегерілмек. Облыс әкімі Асайын Байханов кез келген оқыс кезеңде төтенше жағдай жарияланбайтынын еске салды. Ал несиенің төлеу мерзімін төтенше жағдай жарияланбай-ақ реттеуге болатынын айтты. Аймақ басшысы Үкіметтен қолдау күте бермей, алдағы уақытта алқапты сақтандыруды назарға алуды ұсынды. Өкінішке қарай, бұған көбі атүсті қарайды. Қуаңшылық сияқты оқыс жағдайларда шығындары өтелетін еді. Жиынға қатысқан шаруашылық басшылары кезекпен сөз алып, мәсе-лелерін, ұсыныстарын алға тартты. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, аймағымыздағы ірі көкөніс өсірушілердің бірі Зейнолла Сәлменбаев иелігіндегі 30 мың гектар алқабының 80 пайызы күйіп кеткенін айтты.

– Жұт жазда болайын деп тұр ма, қалай? Қуаңшылықтың зардабы ауыл шаруашылығы саласына ғана емес, барлық салаға кері әсерін тигізеді. Егіс алқаптарының күйіп кетуі салдарынан келесі жылы тұқым тапшылығы болуы мүмкін. Өнім бағасы арзан, керісінше гербицид, минералды тыңайтқыштардың бағасы удай қымбат. Шаруаларға несиесін кешіктіріп төлеуге жағдай жасау керек. Жалпы, қуаңшылыққа байланысты қолдау шараларының кешенді жоспары қолға алынғаны абзал, – деді ол. Қос ірі шаруа қожалығының тізгінін ұстап отырған Николай Миллер қуаңшылық салдарынан биыл барлық алқаптан 30 пайыз ғана өнім алынатынын айтты. Оның өзі сапасы төмендеу өнім болмақ.

– Биыл жағдай өте қиын. Өнім аз әрі сапасы төмен болғандықтан, қаражат таршылығы туындайды. Тұқым жеткіліксіз болады. Маған тек тұқымның өзіне 1,5 млрд теңге қаражат қажет. Шаруалардың мәселесін Үкімет реттеуі қажет. Әйтпесе, биыл қуаңшылықтың салқыны біздің даму көрсеткішімізді 10-15 жыл артқа жылжытуы мүмкін, – деді Н.Миллер. «Галицкое» ЖШС басшысы Александр Касицин өңірдің барлық аудандарында жағдай қиын екенін айтты.

– Сәуірден бастап жауын-шашын болған жоқ. Мұндай оқыс жағдайды 30 жылда алғаш рет көруім. Қазір барлығы дерлік малын сойып, арзан бағамен тапсырып жатыр. Тұрғындар қыстан қалай шығамыз деп алаңдаулы. Шаруалар да өзіне тиесілі субсидияны әлі күнге ала алмай жүр, – деді ол. Облыс әкімі Асайын Байханов жиынды қорытындылай келе, шаруалар қолдаусыз қалмайтынын айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірдегі ахуалдан хабардар. Қуаңшылық мәселесі Үкімет отырысында қаралып, Премьер-Министр нақты тапсырмаларды беруде.

Оралхан ҚОЖАНОВ.