Ақтоғай ауданының орталығындағы қатты дауылда бір үйдің шатыры толығымен ұшып кетті. Соның салдарынан екі отбасы жер үйдің шатырынсыз қалып отыр. Олар осыдан 5 жыл бұрын ғана үйдің төбесін толығымен ауыстырған болатын.

еді. Үй иелері апат болған күні аудан әкімдігіне хабарласып, жәрдем сұраған көрінеді. Мөлтек көшесі, 131-үй мекенжайында орналасқан екі пәтерлі үй тұрғындарының өтініштеріне Ақтоғай ауданының әкімдігі жауап берді.

— Қолданыстағы заңнамаға және нормативтік актілерге сәйкес әкімдік жеке тұрғын үй объектілерін жөндеу үшін жауапкершілікті толық мойнына ала алмайды. Алайда материалдық көмек бағдарламасы аясында көмек көрсетуге дайын, — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, әкімдікте 007 бағдарламасы бойынша (мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына материалдық көмек тағайындау), табиғи апатқа (шатырдың зақымдануына) байланысты өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар ретінде 50 АЕК, яғни 184 600 теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек ала алатынын хабарлады.

Айта кетейік, Ақтоғай ауданының әкімдігі табиғи апаттан зардап шеккендерді қолдау үшін демеушілік қаражат пен басқа да көмек көздерін тартуға күш салуда. Алдағы уақытта қосымша қолдау көрсету жоспарланған.

 

Өз тілшіміз.