Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин тұрғындардың шағымы бойынша шағын аудандарды аралап, жұртшылықпен тұрақты түрде жүздеседі. Сондай кездесулердің бірінде ауланы абаттандыру мәселесі талқыланды.
Бұл жолы Абай көшесі, 131 мекен-жайының тұрғындары аумақты ретке келтіру, балалардың ойын алаңын жөндеу мәселесімен жүгінді. Тұрғындардың талап-тілегін ескерген шаһар басшысы жауапты бөлімге аз уақыт аралығында балалардың ойын алаңын, футбол алаңын ретке келтіруді тапсырды.
Ал Шашкин көшесі, 23 мекенжайының тұрғындары жылумен қамту ісіне шағымданды. Айтуларынша, қысқы уақытта пәтерлерде бүрсең қағуға тура келген. Соған қарамастан коммуналдық қызмет үшін әдеттегі ақы келіп тұрған. Қала әкімі «Екібастұзжылуэнерго» кәсіпорнына жылу жетіспеушілігінің себебін анықтап, төлемдерді қайта есептеп, тұтынушыларды қайта қосу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Жаңа жылу маусымы басталған кезде бұл баспананың жағдайы тағы да қаралады.
Ал Арқалық көшесі мен Воскресенкий өткелі тұрғындарының шағымы бойынша қараусыз қалған аймақ ретке келтіріліп, ескі ағаштар кесілетін болды.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.