Михайловка ауылы мен оған іргелес елді мекендердің тұрғындары енді азық-түлік пен өзге де тұрмыстық тауарларды алыстан тасып, әуреленбейді. Ауылда ашылған шағын маркеттен қажеттінің бәрін табады.

Зеленая роща ауылының азаматтары кәсіпкерлер Сапар мен Талғат Баштаев, әпкелері Роза Хамитовамен бірлесіп, қаңқасы ғана қалған ескі үйді жөндеп, шағын маркет ашқан. Михайловка ауылдық округінің әкімі Асқан Орынтаевтың айтуынша, жаңа нысанның салтанатты ашылуы ауылдықтар үшін кішігірім мерекеге ұласқан. Дүкен иесі киіз үй тігіп, ашылуына келген әрбір азаматқа дастарқанынан дәм татқызған. Балалар мен үлкендерге спорттық жарыс ұйымдастырылып, ән шырқалған.

Шағын маркетке келушілер керек азық-түлік түрлерін, тұрмыстық заттар мен кеңсе тауарларын, ойыншықтарды өздері таңдап, электронды кассада төлем жасайды. Кәдімгідей қалалық жерлердегі өркениет шалғайдағы ауылға жетіп отыр. Бағасы да айтарлықтай арзан көрінеді. Себебі, азық-түлік пен тұрмыстық заттарды көтерме сауда иелері аптасына бірнеше рет тапсырыс бойынша жеткізіп береді.

 

Г.ТҮГЕЛБАЙ.