Жақында Шақат ауылында заманауи «Жастар саябағы» ашылды. Жаңа демалыс орны Павлодар қаласының орталық жағалауындағы «Ертіс Promenade» сахнасының үлгісімен салынған.

«Жастар саябағының» ашылу салтанатында аталмыш идеяның авторы – ауылдық округ әкімі Ерболат Канкин, аудандық мәслихат депутаты Ғабиден Оңғаров және Шақат орта мектебінің директоры Алмагүл Ысқақова құттықтау сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарына ақжарма тілектерін ақтарды.

— Өздеріңіз байқағандай, соңғы жылдары ауылымыз ерекше күйге еніп, түрлене бастағандай. Жаңаша жарқырай түскен елді мекенде заман талабына сай әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар салынуда. Тозығы жетіп, ескіргендері күрделі жөндеуден өтіп, шетінен жаңаланып жатыр. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары да қарқын алып келеді. Тұрғындар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындар көбейіп, ауыл халқының көңілін көтеруде, — деді ауыл әкімі.

Заманауи үлгіде салынған «Шақат Promenade» сахнасының төрінде «Олжа» жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен аудан өнерпаздары ән шырқап, би билеп, жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді. Жанға жайлы осындай әдемі саябақ салдырған ел атқамінерлеріне алғыс-тарын жаудырған ауыл тұрғындары бұл жердің енді көпшілік қуана баратын орындардың біріне айналарына сенім білдірді.

 

А.МҰҚЫШЕВ.