Биылғы қыс жергілікті шаруаларға және азын-аулақ малымен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынға оңай соқпайтыны анық. Көктемде Ертіс өзені суының молынан жайылмауы, жаз бойы жауынның болмауы салдарынан мал азығының аз жиналатын түрі бар. Қуаңшылықтан туындап отырған шөп тапшылығы кезінде кей кәсіпкерлер «жығылған үстіне жұдырық» болып мал азығының бағасын аспандатып жіберді.

 

Аталған мәселе аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық жиын барысында қаралды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаевтың сөзінше, негізі биыл егістік көлемі былтырғыдан 80 мың гектарға көбейіп, барлығы 1 млн 650 мың гектарды құраған. Алайда құрғақшылықтың салдарынан 168 мың гектарға егілген майлы және дәнді дақылдар күйіп кетті. Сондықтан осы жылы аталған дақыл түрлері егістіктен шамамен екі есеге аз жиналмақ. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы өңір шаруалары 884 мың тонна дәнді дақыл жинаса, бұл жолы жалпы көлем 471 мың тоннадан асуы екіталай. Сол сияқты 2022 жылы 207 мың тонна майлы дақыл алсақ, биыл ары кетсе 117 мың тоннасы кәдеге жарайды. Айта кетейік, күзгі жиын-терім жұмыстары кезінде шаруашылық иелері қиналмас үшін субсидия көлемін 2 млрд теңгеден 3 млрд теңгеге дейін, арзандатылып берілетін дизель отынының көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін көбеймек. Шөппен қамтуға қатысты мәселе де өткір тұр. Биыл қыстаққа тұратын төрт түліктің қыстан қысылмай шығуы үшін барлығы 1,2 млн тонна мал азығы керек. Бүгінде оның тек 498 мың тоннасы дайындалды. Әсіресе, Май ауданындағы жағдай мәз емес. Себебі, биыл аталмыш аудандағы шабындық жерлерге мүлде су жайылған жоқ. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Әділет Сыздықбаевтың сөзінше, ауданның қыстан аман шығуы үшін барлығы 104,5 мың тонна шөп керек. Оның ішінде жеке аулалардың қажеттілігі 32 мың тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта бұл көлемнің тек 16,8 мың тоннасы әзір. Барлық мүмкіндіктерді есепке алғанның өзінде ары кетсе 58,8 мың тонна мал азығын жинауға қауқар бар. Былтырдан қалған 4,5 мың тонна, Аққулы ауданынан алатын 10 мың тонна шөпті қосқанның өзінде шаруашылықтар мен жеке аулаларды толығымен қамтуға мүмкіндік болмайды. Марат Ақтаев ең қиыны қарапайым тұрғындардың малдарына қажетті көлемдегі азықты жеткізіп беру болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.

— Жеке аулаларды мал азығымен қамту оңай емес. Оларға сабан жеткізіп беру үшін Солтүстік Қазақстан облысымен тиісті келісімдер жасалды. Сондай-ақ, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан жем-шөп қорын ашу жоспарда бар, — деді М.Ақтаев. Алайда Асайын Байханов аталған қорды құру ісі тым созбалаңға салынып кеткенін сынға алды. Аталмыш корпорация басшылығына аз уақыт аралығында қорды құрып, оны қажетті көлемдегі өніммен толтыруды жүктеді. Аймақ басшысы қазірдің өзінде тұрғындардан шөп бағасының қымбаттауына байланысты шағымдар түсіп жатқанын тілге тиек етті. Кей ауылдарда екі-үш тонналық бір тіркеме шөптің бағасы 75-90 мың теңгеге дейін жетті. Мұндай баға бірлі-жарым малымен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынға ауыртпалық салары анық. Жалпы, өңірде төрт түлік түрін ұстайтын 30 мыңнан астам жеке аула бар. Оның барлығын жем-шөппен қамту қиындық туғызайын деп тұр.

— Мәселені ашық айтуымыз керек: аймақта шөп тапшылығы бар. Тапшы өнімнің бағасы өсуі – нарық заңдылығы. Қымбатқа мал азығын ала алмайтын ауылдықтар енді қорадағы мал басының санын азайтуға кіріседі. Бірақ ет қабылдаушылар ұсынатын баға төмен. Ол да – нарық талабы. Енді тек шөппен қамту, оның бағасын бақылауда ұстаумен емес, еттің бағасын көпшіліктің қалауындай етудің де амалын қарастыру қажет. Бағаны тұрақтандыру үшін Астана, Алматы қалаларындағы ет өңдеу кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіп, сұранысы көп өңірлерге өнім жөнелтудің жолын қарастырған жөн. Тұрғындар адал еңбегімен өсірген малдың ақысын делдалдар «жеп» кетпеуі керек, — деді А.Байханов. Атап өтер жайт, осы аптадан бастап облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен жергілікті әкімдіктердің өкілдері аудандардағы жағдайды саралауға көшеді. Тұрмысы төмен, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға шөп жеткізудің тетіктерін түзеді. Қуаңшылықтың «салқыны» өнім жинау, оның бағасын реттеуге ғана емес, шаруалардың несиесін өтеуге де кері әсерін тигізіп отыр. Бүгінде қаржылық қиындыққа тірелген 233 шаруашылықтың тізімі жасалды. Олар қаржы институттарынан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында алған несиелерінің мерзімін ұзартуды сұрап отыр. Себебі қазіргі уақытта қарызды қайтаратын мүмкіндік жоқ. Ал берешекті уақытылы бермесе, қолда бар техникасынан айырылып қалуы әбден мүмкін. Жергілікті билік аталған мәселені де ерекше бақылауына алды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.