Күз келісімен өңірде шөп шабу науқаны қыза түсті. Қыстың қамын ойлаған шаруалар шабындық басында жүр. Биыл облыс бойынша 1 млн 350 мың гектардан, яғни ықтимал шабындықтардың шамамен 82 пайызынан шөп шабылды. Алайда ауылдағы ағайын алаңдаулы күй үстінде. Басты мәселе осы — жем-шөп жайы. Оған себеп те жоқ емес. Биылғы құрғақшылықтың салдарынан мал азығының бағасы аспандап тұр. Тұрақсыз өскен баға шаруаның қалтасына ауыр тиетіні түсінікті.
Ауыл халқының төрт түлік малмен күнелтіп отырғаны бәрімізге белгілі. Биыл осы малдың азығы алтыннан да қымбат болайын деп тұр. Себебі, жаз бойы жауынның болмауы, күннің
қатты ыстық болуы, өзеннің толық жайылмауы шөптің шығуына айтарлықтай кедергі келтірді. Енді міне, күз де табалдырығымыздан аттап, қыстың ызғары да байқалғандай. Осы орайда, ауыл тұрғындарының көкейінде «шөптің бағасы неге қымбат?» деген сауал сайрап тұр. Олардың сөзінше, бұрын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері көбірек ұйымдастырылып, шөп бағасының тұрақтылығы қадағаланатын. Ал, қазір ше? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев бүгінгі таңда жергілікті әкімдік малдың қысқы азығын дайындау бойынша тиісті шаралар қабылдап жатқанын айтады. Бұл мақсатқа қазынадан 3 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұдан бөлек орман алқабындағы тыйым салынған жерлерді шабуға да рұқсат берілді.
— Қазіргі таңда шөп бағасын тұрақтандыру үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен сабан дайындау және жеткізу бойынша жақын маңдағы аудандармен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ, «Павлодар» ӘКК» АҚ арқылы 10 мың тонна көлемінде жемдік астық сатып алу бойынша резервтік қор құрылады, — деді М.Ақтаев. Десе де, шөптің қымбаттауына тосқауыл болмай тұр. Қазір қысқы азықтың бір тоннасы 100 мың теңгеге жақындаған. Бұл әсіресе, ауылдағы азын-аулақ малы бар тұрғындарды титықтатып жіберді. Ал жауапты орган өкілдері облыста шөп бағасы 50-60 мың теңгеден аспайды деп сендіруде. Бірақ мұндай «құрғақ уәдеге» қарапайым халық сенуден қалған. Тіпті кейбір ауыл тұрғындары «шөпті несиеге алуға мәжбүрміз» дейді. Ал амалы таусылған тұрғындар мал басын азайтуға көшті. Мәселен, Павлодарское ауылының тұрғыны Болат Бахытқанның айтуынша, биыл жаңбырдың жоқтығы шөптің шығымдылығына біраз кедергісін келтірді. Салдарынан шөптің бағасы малдың бағасымен бірдей болып тұр.
— Бұл ең алдымен күнделікті ет-майы үшін 5-6 бас ірі қара ұстайтын қарапайым халық үшін қиын. Жергілікті жауапты мекеме басшылары үлкен шаруа қожалықтарына ғана қол ұшын соза бермей, осындай азын-аулақ малмен күнелтіп отырған тұрғындарға да көмектесуі керек. Олай болмаған жағдайда халықтың жағдайы күрт нашарлайды. Өйткені малды сатайын десе бағасы арзан, шөбін алайын десе бағасы қымбат. Иә, биыл жем-шөп дақылдарының шығымы былтырғы деңгейден төмен екенін білеміз. Алайда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау барлығына бірдей үлестірілуі тиіс деп ойлаймын, — дейді ауыл тұрғыны. Сондай-ақ, Алдан Маманұлы есімді осы ауылдың тұрғыны да шөп бағасының жылда-жылға өсіп келе жатқандығын айтады. Оның сөзінше, алдыңғы жылдары бір тонна шөптің бағасы 50 мың теңге болған, былтыр 70 мың, биыл міне 90-100 мың теңгеден асып артылады. Тіпті кейбір аудандарда мал азығын сатып алу үшін кезекке тұру керек. Себебі, шабындық жерге шалғы түскенмен, түсім жоқ.
— Ауылда мал өсіруден басқа тиімді кәсіп жоқ. Балалардың киімі, тұрмыстық зат, құрылыс материалына дейін осы мал арқылы сатып алатынымыз жасырын емес. Енді, міне, жыл сайын қымбаттаған жем-шөп бағасы қалтаға ауыр тиіп отыр. Бағаның қымбаттағаны бір бөлек, жем-шөпті сатып алудың өзі мұңға айналды. Осы жағдай ауылдағы төрт түліктің азаюына себеп болуда. Көбінің қолындағы бар малын арзан бағаға сатудан басқа амалы жоқ, — деді ол. Бұл жалғыз Павлодарское ауылындағы жағдай емес. Қазіргі уақытта шаруалардың меселін қайтарған бұл мәселемен әр ауылдағы ағайын етене таныс. Сондай-ақ, жауапты мекеме басшылары да хабардар. Ақсу қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділ Құсайыновтың айтуынша, төрт түлік қыстан қысылмай шығуы үшін ерте бастан қамдану қажет. Қазір аталмыш елді мекенде шөп шабу науқаны қызған.
— Қысқы мал азығы үшін 94 мың тонна шөп дайындаймыз деп отырмыз. Ақсу ауданында жем-шөп дайындаумен ірілі-ұсақты 80 шаруа қожалығы айналысады. Қазіргі уақытта орташа өнімділік гектарына 12-15 центнерді құрап отыр. Әрине, қыста шөп бағасы қымбат болады. Бүгінде орама 6-7 мың теңгеден сатылуда. Ал бір тонна кесек жем 25 мыңға дейін жетеді. Сондықтан кейбір шөп шабу бригадалары ауыл тұрғындарына қысқа шөп дайындауға көмектесуде, — деді ол.
Ауылдағы ағайынға төрт түлік мал ұстау жылдан-жылға қиындап бара жатыр. Мыңғырған малға жайылым тар, шабындық жұтаң, шабылған шөптің құны да жыл сайын өсуде. Әрине, жайылымдық жері, шабатын шөбі бар ірі шаруашылықтар қинала қоймас. Ал қарапайым халыққа «алтынмен жалатылған» шөптің бағасы ауыр соғатыны анық. Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан шаруаларға жыл сайын жанар-жағармай, субсидия түрінде қолдау көрсетілетінін алға тартып, «облыс аумағында тұрақты баға неге қойылмайды?» деген заңды сауал жолдады. Бұған кім жауап бере алады екен?
Қ.ҚАБЫЛДЕНОВА.