Асан Қабылтаев асханалық тірлікті бір кісідей біледі. Тандыр нан мен самсаның, тоқаштың түр-түрін пісіре алады. Бұл бағытта бес жылдық тәжірибесі бар. Білетінін бүгінде бизнеске айналдыруды бастап кетіпті.

Ол биыл маусым айында Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан Тереңкөл ауданы Фрументьевка ауылына қоныс аударады. Көпбалалы отбасы аймағымызда алдағы өмірлерін өрістетуге ниетті. Мемлекет тарапынан ауылдық елді мекеннен баспана берілген. Жұмыспен де қамтылған. Әйелі Гүлдана Қалбытаева ауыл мектебінде бастауыш сыныпта сабақ береді. Шаңырақтың иесі Асан Қабылбекұлы мектепте қазіргі таңда от жағып, еңбегін тауып отыр. Бірақ, еңбектің ешқайсынан қашпайтын отағасы бұдан бөлек те нәпақа табуды қолға алыпты.

— «Бастау» бағдарламасы арқылы оқыдым. Негізі, оңтүстікте тұрғанда самса, тандыр нан сатып, шағын асхана да ұстаған едік. Тереңкөл ауданына қоныс аударған соң осы істі де жүргізуді жөн көрдім. 1,5 млн теңге шамасында мемлекеттік грант алдым. Осылайша, шағын наубайхананың негізін қалап жатқан жайым бар. Себебі, ауылға нан екі күннің бірінде ғана жеткізіледі екен. Ал жаңа піскен, жаңадан пештен шыққан нан мен алыстан тасымалданатын өнімнің айырмашылығы бар ғой, — дейді кәсіп иесі.

Бизнеске бет бұрған азамат мемлекет берген қаржыға екі электр пешін, сөрелер мен таразы сияқты бірқатар жабдық сатып алыпты. Қазіргі таңда үйде пісіріп, ауылдастарына, жергілікті дүкенде нанын сатуда.

— Келесі жылы кәсіпті кеңейтуге жоспарымды құрып қойдым. Ол үшін газбен жылытылатын екі тандыр пешіне, қамыр илейтін құрылғыға Шымкентке тапсырыс жасап қойдым. Сондай-ақ, тандыр нанның бетіне бедер түсіретін қалып та сатып аламын. Самса, тандыр наннан бөлек, тоқаштар да пісіремін. Әзірше, мен пісірген нанды ауылдықтар алып жатыр, — дейді А.Қалбытаев.

Кәсіпкердің көздеген мақсаттары көп көрінеді. Ол алдағы уақытта шағын көлік алып, көрші ауылдардың дүкендеріне тасымалдау жағын да ойластыруда. Тіпті, келесі жылы наубайхананың маңынан 8 кісілік шағын асхана қарастыруды межелеп қойыпты. Яғни, келушілер жаңадан пештен шыққан тандыр нан мен самсадан алып, ыстықтай өнімнің тіл үйірер дәмін сезіндіргісі келеді. Ал ісі оңынан басса, аудан орталығында ғимарат жалға алып, кәсіпті кеңейтуге де ынталы.

— Көшіп келгенімізге еш өкінбейміз. Баспана, жұмыс бәрі берілді. Іс бастауға да жағдай жасалды. Бастысы, жалқаулық танытпасаң, өз жағдайыңды жақсартуға барлық мүмкіндік бар. Мектептегі жұмыстан бөлек, қорамда азын-аулақ малым бар. Оны да өсіріп, кәдеге жаратуға болады. Төрт балам іргедегі мектепте білім алады. Кішісі енді ғана алты айдан асты, — дейді Асан Қабылбекұлы.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.