Элеваторға жету жеңілдейді

Шіл 24, 2025

Железин ауданына қарасты Мыңкөл ауылының кіреберіс жолында жөндеу жұмыстары басталды. Кестеге сәйкес 1,4 шақырымдық жол қыркүйекке дейін асфальтталады.

Құрамына Мыңкөл елді мекені кіретін Михайловка ауылдық округінің әкімі Ақсан Орынтаевтың айтуынша, кіреберіс жолға жасалатын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер фирма анықталған. Қазіргі таңда мердігер «Davo» ЖШС шұңқырлы аумақтарын тегістеуге кірісіпті. Одан кейін қиыршықтас жеткізіледі. Бұл аралық асфальтталса, ауыл тұрғындарынан бөлек күзгі жиын-терім науқаны кезінде мұндағы элеваторға кептіруге астығын таситын шаруалар үшін де қолайлы жағдай тумақ. Сонымен қатар, ауылдағы элеватордан бидайдың шетелге экспортталатынын ескерсек, жолдың бұл бөлігінің ретке келтірілуі экономикалық тұрғыдан да маңызды болып отыр.

Мыңкөл ауылында бүгінде 400-ден астам адам тұрады. Қазіргі таңда ауылдағы мектепке спорт зал салынуда. Елді мекендегі мектеп 2012 жылы бой көтерген. Ол кезде спорт залы қарастырылмаған көрінеді. Одан бөлек, медициналық пункт құрылысы жүріп жатыр. Алайда, медициналық ғимараттың құрылысы уақытында аяқталмай, кешігуде.

Г.МАҒЖАН.