Биыл Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылының құрылғанына тура 70 жыл толмақ. Осы уақыт аралығында елді мекен сан түрлі кезеңді бастан өткерді. Соңғы жылдары елді мекеннің өркендеп, ауылдағы ағайынның өмір сапасы жақсара түсуі үшін түрлі жобалар жүзеге асты. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар мен жарық желілері жөнделді. Сөйтіп, жол бойындағы ауылдың шырайы арта түседі.
Жаңа нысандар — ел игілігіне
Бүгінде Пограничник ауылында 15 ұлттың 400-ге жуық өкілі тату-тәтті тұрады. Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, мұндағы тұрғындар ұйымшыл, көпшіл, бастамашыл. Елді мекеннің бүгіні баянды, ал ертеңі кемел болуы үшін сырттан көмек пен қолдау күтпей-ақ өздері де бастамаларды көтеріп, шама-шарқынша еңбек етіп жатады. Бұл ретте жергілікті әкімдік өкілдері де көпшілікпен тығыз байланыста болып, олардың талап-тілектерін ескерусіз қалдырмайды.
Соның бір жарқын айғағы – фельдшерлік-акушерлік пункттің салынуы. Бұған дейін ауылдың жасы да, жасамысы да әкімдіктің бір бұрышындағы аядай медициналық бөлмелерде ем-дом алса, қазір заманауи талаптарға сай жабдық-талған, кең әрі жарық бөлме-лерде дәрігердің алдынан өтеді.
— Халық үшін игі істердің атқарылып жатқаны көңіл қуантады. Бұған дейін бас ауырып, балтыр сыздаса, ем көрсетуші қызметкерге де, ем алушы науқасқа да қолайсыздау бөлмеге баратын едік. Әсіресе пандемия кезінде, одан соң ақ желеңділердің қарауына жиі барғанда мұндай жағдай қаяу түсірмей қоймайтын. Ал былтыр елді мекенімізде жаңа емдеу нысаны пайдалануға беріліп, қуанышымызда шек болмады. Негізі, адамды ем алатын жер, ол ғимараттың қабырғалары емес, қолы жұмсақ, сөзі жылы дәрігерлер емдейді. Десек те, олардың қабылдауды жүргізуі барлығымыз үшін де жайлы болатынын қалап едік. Сол арманымыз орындалды, — дейді ауыл тұрғыны Людмила Глебова.
Облыстық құрылыс басқар-масының тапсырыс беруімен алдымен «ES-Жоба» ЖШС бірқабатты ғимараттың жобасын әзірледі. Кейін мемлекеттік конкурс жарияланып, негізгі мердігер ретінде «Промжилстройкомплекс» компаниясы белгіленді. Құрылыс жұмыстарының шарт бойынша бағасы – 146 млн 344 мың теңге. Аталған сомаға төрт ай аралығында толыққанды фельдшерлік-акушерлік пункт салынды. Бұл жоба әу баста облысқа жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары Нұржан Әшімбетов, Жарқынбек Амантайдың сынына қалғанымен, кейін сын-ескертулерден сабақ алып, кем-кетікті түзеді. Бүгінде емдеу мекемесінде ауылдағы ағайынға медициналық көмек көрсетіліп, жүкті әйелдер мен балаларға профилактикалық тексерулер, патронаж жүргізіледі.
Сонымен қатар, қазір тағы бір құрылыс алаңында, атап айтқанда, дене шынықтыру-сауықтыру кеше-нінде жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдың жазында негізі қаланған спорттық мекеме келесі айда ел игілігіне тапсырылуы тиіс. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бұл нысанды тұрғызуға қазынадан 422 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды. Мердігер компания – «ГрадСтройСервис» ЖШС барлық талапқа сай келетін спорттық мекемені сапалы түрде салуы тиіс. Кейін мұнда ауыл балаларының, азаматтарының спорттың бірнеше түрімен тұрақты түрде айналысуына мүмкіндік жасалады. Мұнда жастар ғана емес, зейнеткерлер де бос уақытын тиімді өткізіп, денесін шынықтыруға қазірден-ақ бейіл танытып отыр.
Спорттық зал ойын және күрес залдарынан тұрады. Одан бөлек, теннис залы, тренажерлік бөлме қарастырылған. Сондай-ақ, жергілікті билік жаңа дене шынықтыру – сауықтыру кешенінде балалар-жасөс-пірімдер спорт мектебінің секцияларын ашу жоспарымен бөлісті. Сол кезде ауыл тұрғындары волейбол, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақпен де тұрақты түрде шұғылдана алады. Барлығы бес бапкерді жұмысқа тарту да ойда бар.
Былтыр жыл соңында аймақ басшысы Асайын Байханов ауылға арнайы барып, спорттық кешеннің құрылыс барысын байқаған еді. Сол тұста спорттық мекеме ауыл жұрты үшін қажет екенін алға тартып, нысанның құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырған болатын.
Жол түзу, көше жарық болды
70 жылдық тарихы бар ауылда қолға алынған істер бұл ғана емес. Көпшіліктің көптен бергі тілегі – ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары да жүргізілді. Бұған дейін жаңбыр жауса батпақтан аяқ алып жүргісіз болатын жолдар бүгінде асфальтталып, тақтайдай тегіс болды. Бас мердігер — «ПКФ ГОРДОРСТРОЙ» ЖШС өткен жылдың маусымында тиісті жұмыстарды бастап, бір ай дересінде аяқтады. Оларды атқаруға қазынадан 249,9 млн теңге жұмсалды.
Сол сияқты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша елді мекендегі көшелердің бойындағы жарық желілері күрделі жөндеуден өтті.
— Пограничник ауылындағы Северная, Атамекен көшелеріндегі жалпы ұзындығы 1,6 шақырым болатын жарық желілері жаңартылды. Жобаның құны – 14,9 млн теңге. Бас мердігер — «Семстроиэлектро-2005» өзіне жүктелген міндетті атқарды. Сонымен қатар, биіктігі 9 метрге дейін жететін 40 тірек қойылып, сыртқы жарық диодты 47 шам орнатылды. Сөйтіп, ауыл көшелері айтарлықтай жарықтана түсті, — дейді Достық ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекбергенова.
Елді мекен ішіндегі мұндай оң өзгерістерді тұрғындар да жоғары бағалайды. Бір жылдың көлемінде атқарылған істерден-ақ ауылдың ажары артып, шырайы келгенін айтады.
— Әлеуметтік нысандар құрылысының басы-қасында жергілікті әкімдік өкілдерімен бірге біз де болдық. Тұрғындар құрылыс жұмыстарының ойдағыдай атқа-рылуын қадағалап, қоғамдық бақылау жүргізді. Жөнделген жолдар, жарықтанған көшелер, жаңадан салынған емдеу, спорт мекемелері — ауылдағы жұрттың жайлы өмір сүруі үшін атқарылып жатқан іргелі істер. Елді мекендерге осындай көңіл бөлініп жатқан тұста ертеңіміз үшін алаңдамаймыз, — дейді ауыл тұрғыны Рысбек Шәкей.
Ендігі ретте Пограничник азаматтары ауылдың мерейтойын кең көлемде атап өтудің қамына кірісіп кетті. Айтулы шара қарсаңында Первая, Больничная, Северная, Степная сынды көшелердің атаулары ауыстырылса, тойға тамаша тарту болатынын да бүгіп қалмады. Сонымен қатар, жастарды ауылға көптеп тарту үшін әлеуметтік нысандарды салып, жөндеумен шектеліп қалмай, жаңа кәсіпорындар ашып, тұрақты жұмыс орындары көбейсе деген тілектерін білдірді. Бұл бағыттағы ілкімді жұмыстар да уақыт еншісінде деп білеміз. Бастысы, түтінін түзу түтетіп отырған елді мекеннің болашағы жарқын болсын!
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Достық ауылдық округі, Ақсу қаласы.