Жуырда Қазантай және Қазы ауылдарында көп күткен қуаныш орын алды. Екі елді мекенде жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді.
Медициналық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Руслан Мұқанов қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
Қос ауылдың жұртшылығы бұған дейін ем шарасын жүргізуге арналмаған орында қаралып келген. Енді заманауи емдеу мекемесі алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған, қаладағыдан кем емес. Онда физио кабинеті, дәріхана, ингалятор, дефибриллятор құрылғылары бар. Су, жылу, электр желісі тартылған.
— Бұған дейін балтырымыз сыздағанда аудан орталығына барудан басқа амал болмайтын. Уақытымыз бен қалтамыздағы ақшамыз кететін. Мемлекет ауыл тұрғындарына көңіл бөліп, денсаулық сақтау саласына назар аударғаны қуантады. Енді өз ауылымыздағы мамандарға қаралатын боламыз, — дейді Қазы ауылының тұрғыны С.Күзембаев.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.