Биыл ерке Ертістің бойында етек жайған, терең тарихы мен әсем табиғаты қашан да тамсандырған киелі Май ауданының құрылғанына — 85 жыл. Осыған орай жуырда аудан орталығында ауданның мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Ауданның мерейтойына арналған іс-шаралардың бастауы «Туған өлке тарихы мен болашағы» атты тарихи-тағылымдық конференция болды. Онда Май ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарихи мұрасы сөз болды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, аудан әкімі Қадылжан Сәтиев және аталмыш елде туып-өскен елімізге белгілі азаматтар қатысты. Олардың қатарында тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц, Май ауданының Құрметті азаматы Рәшит Бектеміров және ауданның Құрметті азаматы, қоғам белсендісі Қуаныш Сабыров бар.
Алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов аймақ басшысы Асайын Байхановтың Май ауданының тұрғындарына жолдаған құттықтау сөзін жеткізді.
— Май ауданы – белгілі тұлғалар мен дарынды жастардың мекені. Ауданның жетістіктері – баршаңыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақ, бірлік, келісіммен жасаған тірліктеріңіздің жарқын нәтижесі деп білемін! Ұлы даланың бір бөлшегі Май ауданы –
тарихы тұнған, мәдениеті мен руханилығы дарыған өңір. Дәл мұндай байтақ Сарыарқа даласы мен ұлтымыздың тағдырын шешкен «Қалмаққырылған» шайқасы қазақ тарихында алтын әріптермен жазылды. Май ауданы өркендеп, өрлей берсін! – деді А.Байханов.
Ал аудан әкімі Қадылжан Сәтиев ауданның әлеуметтік-эконимикалық жағдайы туралы баяндама жасап, өңірдің дамуына зор үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.
— Май ауданының тарихы бай және терең. Қандай жағдай болса да, аудан тұрғындары елді нығайтуға, оның әл-ауқаты мен өркендеуіне бағытталған міндеттерді шешуге қатысты. Әрбір азаматтың жеке жетістігі ауданның дамуына қосқан қомақты үлесі екені сөзсіз. Алдағы уақытта бірлік пен ынтымақты сақтай отырып, туған өлкеміздің игілігі үшін еңбек етеміз деп сенемін, – деді Қ.Сәтиев.
Конференция барысында тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц ауданның тарихына көз жүгіртіп, көпжылдық археологиялық қазбалардың нәтижесін баяндады. Олардың арасынан Ақшиман елді мекеніндегі зерттеу жұмыстарын ерекше атап өтуге болады.
— Май ауданының картасында ондаған археологиялық ескерткіш табылған деп белгіленген. Алайда шын мәнінде олардың саны жүзден асады. Жыл сайын табылып, көбейіп келе жатыр. Тас дәуіріндегі мезолит, неолит, энеолит кезеңдерінде қолданылған заттар жердің астынан көтеріліп, қалпына келтірілуде, — деді ғалым.
Май ауданының тарихында есімі алтын әріптермен жазылған азаматтар жетерлік. Осындай азаматтардың бірқатарын аудан әкімі 85 жылдық мерейтойға орай төсбелгімен марапаттады. Олардың арасында әр саланың өкілдері бар.
Одан бөлек, мәдениет үйінде ауданның тарихына қатысты көрме ұйымдастырылды. Онда 17, 18, 19 ғасырларда қолданылған құрал-саймандар, тұрмыстық заттар қойылды. Олардың арасында Ақшиман орта мектебінің еңбек пәнінің мұғалімі Нұрбек Жұмаділовтің аталған елді мекеннің жанында орналасқан Қалмаққырылған тауының жанынан жинаған 480-490-ға жуық ескі және де құнды заты келушілер назарына ұсынылды.
— Жұмыстан тыс уақытымды археологиялық қазбаларға арнаймын. Арада міне, 24 жылдай жәдігерлерді тауып, жинап жатырмын. Әуесқойлығыма негіз болған бірінші зат – 1748 жылғы қалмақ соғысынан кейін қалған көне тиын, – дейді Нұрбек Жұмаділов.
Өлкетанушының айтуынша, жинақтағы заттардың 20 пайызын жергілікті тұрғындар, ал 80 пайызын өзі тапқан. Соңғы 15 жылда бұл жинақ жылжымалы көрмелерде көрсетіледі. Оған дейін коллекционер тапқан тарихи жәдігерлерді үйінде сақтауды жөн көрген. Бүгінде аталған заттар Ақшиман орта мектебінің шеберханасында сақтаулы.
– Май жерінде ХVIII ғасырға тиесілі қалмақтың әскерінен қалған «денга» монетасы табылған. Сол кезеңге тұспа-тұс екенінің дәлелі ретінде соғысқа, аң атуға арналған қару-жарақтардан жебенің ұшы да сақтаулы. Сондай-ақ, ат әбзелдері, қыз балалардың тұрмыста пайдаланған заттары, фарфор ыдыстардың сынықтары бар, – деді Нұрбек Жұмаділов.
Сондай-ақ, мәдениет үйінің фойесінде атаулы мерейтойға орай аудандық кітапхана мемлекеттік мұрағаттың жергілікті филиалымен және тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп, кітап-фото экспозициясын дайындады.
Конференция соңында аудан тұрғындары мен қонақтары үшін И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында екі музыкалық шығарма орындалды. Сондай-ақ, терме орындаушысы Мерзихан Шайхиннің 90 жылдығына арналған облыстық «Жыр ғұмыр» атты термешілер байқауының финалистері өнер көрсетті.
Мерейлі мерекенің жалғасы аудан орталығы Көктөбе ауылының маңында орналасқан этноауылда жалғасты. Онда әр ауылдан барлығы 12 киіз үй тігілді. Алаңдарда садақ ату, қазақ күресі, қошқар көтеру, асық ату, білекпен күш сынасу, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар өткізілді. Киіз үйлерде көршілес ауылдар бірігіп, дастархан жайды. Ал ауылға кіреберіс жолда көкпар ойыны бойынша жарыс өтті. Бес команданың шабандоздары өзара бақ сынасып, жүлде қоры үшін таласқа түсті. Павлодар облысының көкпар федерациясының президенті Амангелді Сұлтанов туған жерінде өткен мерейтойлық көкпарда төрешілік етті.
– Май ауданында көкпар ойыны жиі ұйымдастырылады. Оған барлық ауылдың шабандоздары жиналды. Бірқатары Май ауылында, жартысы Саты ауылында жаттықты. Ең жас шабандоз Асанәлидің жасы — 18-де. Асанәлі Саты ата командасында өнер көрсетті, – деді А.Сұлтанов.
Екі күндік жарыстың нәтижесі бойынша бесінші орынға «Қара-терек» командасы жайғасып, 100 мың теңге ұтса, төртінші орынды «Кеңтүбек шабандоздары» иеленіп, 300 мың теңге ұтты. Үшінші орын «Саты ата» командасына бұйырып, 500 мың теңге ұтыс берілді. Бірінші орынға таласта баянауылдықтар есе жіберіп, Май ауданының командасына жол берді. Жеңген команда 1 миллион теңгені ұтты.
Мерейтой аудан орталығындағы алаңда облыс, аудан өнерпаз-дарының гала-концертімен түйін-делді.
Шолпан Айтмағамбетова, Көктөбе ауылының тұрғыны:
— Май ауданының 85 жылдығына арналған шаралар жоғары деңгейде өтті. Аудан тұрғындары мен қонақтары үшін көңілді шаралардан бөлек, танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды. Ал мерекелік бағдарламаға арнайы келген
өнер ұжымдары өздерінің шығарма-шылығымен таң қалдырды. Соңғы жылдары ауданымыз көркейіп, жаңа нысандар көптеп салынып жатыр. Көшелеріміз ажарланып, ауылымыз әрленіп келеді. Мұның бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқаны қуантады. Ауданымыз мәңгі жасай берсін!
Айдана БОРАНБАЕВА, Көктөбе ауылы, Май ауданы.