Ауылда отырып-ақ, кәсібін дөңгелетіп, халқы-мыздың ұлттық сусынын қайта жаңғыртып жүрген іскер жандар аз емес. Солардың бірі – Май ауданының орталығы Көктөбе ауылының тұрғыны Ерке Болатхан. Ерке қымыз өндірісін пайдалы кәсіп түріне айналдырған.
Қымыз дайындау — жай ғана кәсіп емес, ұрпақтан- ұрпаққа берілетін шеберлік. Еркенің ата-енесі қымыз сатумен айналысқан. Кейін жолдасы екеуі өз күштерімен төрт түліктің санын көбейтуді жөн санайды. Сөйтіп, 2021 жылы кәсібін шағын көлемде бастап, бүгінде ауданның бірнеше ауылына, тіпті Павлодар қаласына дейін жеткізетін дәрежеге жеткен.
Оның айтуынша, бір жазда биелерден күніне 60-70 литрге дейін қымыз алынады. Қымыз шыны ыдыспен, кейде ағаш тостақпен, кей тұтынушылардың сұранысына қарай пластик құтымен де жеткізіледі. Жаз айларында тапсырыс көбейіп, кейде өнім жетпей де жатады.
— Ұлттық сусынға көбінесе дүкендер мен тойхана, қымызхана иелері тапсырыс беріп жатады. Литрінің бағасы — 1 300 теңге. Егер үлкен көлемде тапсырыс берілетін болса, жеңілдіктер қарастырылған. Кейбір тұтынушылар мүлде ысталмаған қымызға тапсырыс береді. Кейбіреуі бал қосуымызды өтінеді немесе тобылғымен ысталған қымыз сұрайды. Сондықтан біз әр тапсырыс берушінің қалауын ескереміз. Ұлттық сусынды дайындау үшін алдымен күбіні жақсылап жуып, күнге кептіріп аламыз. Кейін күбіге жаңа әзірленген қаймақты жағамыз. Оны қайың ағашымен түтініне ыстаймыз. Жақсылап ысталған соң саумалмен қор құйылады. Содан соң қолмен жақсылап пісіледі. Әр сауыннан кейін саумалды құйып отырамыз. Қымыз дайын болғаннан кейін оны салқын күйінде ұстау керек. Қымыздың сапасы сол кезде белгілі болады. Қаймағы бетіне шығып, ысталған күбінің тұнбасы түбіне жиналып, таза қымыз бірден көрінеді. Негізі, қымыздың сапасы — алдымен биенің тамағында, жеген жем-шөбінде, ішкен суында. Судың тұнығын ішіп, еркін жайылып, шөптің шүйгінін таңдаған биенің сүтінен әзірленген қымыз жаман болмайды.
Жалпы, қымыз — қазақтың шипалы сусыны ғана емес, бұл — мәдениет. Оны адал ниетпен, тазалықпен, ыждаһатпен дайындау керек. Қымыз сапалы болу үшін жылқы күтімі, ыдыс тазалығы, уақытылы пісу — бәрі маңызды, — деп атап өтті кәсіпкер.
Тұрақты тұтынушылар Еркенің қымызына жоғары баға береді. Әсіресе, балалар мен қарт кісілерге арналған «жұмсақ» қымыз, аштығы мен шипалық қасиеті жақсы сақталған «саумалға жақын» қымыз түрлері сұранысқа ие.
— Қымызды Еркеден ғана аламыз. Дәмі табиғи, ешқандай қосымша қоспа жоқ. Балалар да, үлкендер де жақсы көреді. Бұл — нағыз ауылдың иісі бар таза өнім, — дейді тұрақты сатып алушылар.
Қазір де Ерке болашақта кәсібін кеңейтіп, биелер санын арттыруды жоспарлап отыр.
Бүгінде жастардың көбі қалаға кетіп, ауылдағы мүмкіндікті бағаламай жатады. Ал Ерке керісінше ауылда отырып-ақ табыс табуға, кәсіп ашуға болатынын дәлелдейді.
— Ауылда кәсіп жоқ деген сылтау секілді. Себебі, бұл жерде су да, шабындық та, жайылым да бар. Тек еңбек ету керек. Қолыңда барды кәдеге жарата білсең, ауылда отырып-ақ табыс табуға болады, — дейді ол.
Айдана БОРАНБАЕВА.