Қансорғышқа қарсы қадам

Мам 15, 2025

Екібастұзда да шыбын-шіркеймен күрес шаралары күшейді. Ғылыми негізде кезең-кезеңімен іске асырылуда. Апта басында шаһар басшысы Аян Бейсекин тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарымен, ғылыми-сүйемелдеу тобының өкілдерімен бірге дезинсекциялық жұмыстардың барысымен танысты.

Қала әкімінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасындағы жазбаға сәйкес сәуір айының басынан бері 700 көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесі өңделген. Оның ішінде Шідерті және Cолнечный кенттерінің үйлері де бар. Сонымен қатар, ғылыми топ мердігер ұйыммен бірге қала аумағындағы 20-дан астам су қоймаcы мен аз сулы аумақтарды зерделеп, өңдеу жұмыстарын атқарған. Ал мамыр айының басында жоспарлы кедергілік және кварталішілік аумақтарды, соның ішінде саябақтар мен скверлерді, адам көп шоғырланатын орындарды өңдеуді қолға алған.

Мердігер фирма шыбын-шіркейге қарсы шараларды жүзеге асыру үшін қажетті жұмыс күшімен, техникамен, тиісті препаратпен қамтамасыз еткен екен. Қосымша жаңа жабдық та сатып алыпты. Қала әкімі Аян Бейсекин мердігер ұйымға кенттердің сулы аумақтарына, қамысты жерлерді, бау-бақша шаруашылықтарына басымдық беруді тапсырды.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.