Облыстық полиция департаменті облыстағы мал жаю ережелерін өрескел бұзатын мал иелеріне қатысты жауапкершілікті күшейтуді көздеп, тиісті ұсынысты Ішкі істер министрлігіне жолдады. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында департамент бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов мәлімдеді.
Оның айтуынша, қараусыз жайылған мал өңірдегі жол-көлік оқиғаларының себепшісі болып отыр және бұл мәселе бірнеше жылдан бері өзектілігін еш жоймаған.
– Есепті кезеңде үй жануарларымен соқтығысқан 2 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 2 азамат қайтыс болып, тағы 1 адам ауыр дене жарақатын алды. Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес, мал жаю ережелерін бұзушыларға бар болғаны 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, мұндай жазаның алдын алу тиімділігі өте төмен, – деді С.Жампейісов.
Сафуан Ашмұқанұлының сөзінше, мал иелерінің бір бөлігі өз міндетіне жауапсыз қарайды, малды дер кезінде қадағала-
майды, ал бұл жолдағы жүргізушілер үшін күтпеген қауіп туғызады. Көлікпен соқтығысқан немесе кедергі келтірген жануардың өзі де апатқа себеп болуы мүмкін.
– Осы аталған мәселені ескере отырып, біз ІІМ Полиция департаменті тарапынан қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсындық. Яғни, мал жаю ережелерін бұзу салдарынан «өлім, ауыр немесе орташа жарақат алу» сияқты зардаптары бар жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, бұл әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу қажет деп санаймыз. Тиісті норманы Қылмыстық кодекске енгізу бағытында ұсыныс жолданды, – деп нақтылады ол.
С.Жампейісовтің пікірінше, жазаның қатаюы фермерлерді жауапкершілікке шақырып, жануарларды бақылау жүйесін жақсартуға мәжбүр етеді. Бұл шара тек жазалау үшін емес, алдымен жолдағы адам өмірін қорғау, апат санын азайту үшін қажет.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың басынан бері облыста 117 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Одан
54 адам қаза тауып, 36 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Полицейлердің айтуынша, бұл көрсеткіштер жол қауіпсіздігін күшейту қажеттігін айқын көрсетіп отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.
