Қарақала ауылының Потанин мектебінде «Жасыл орман — жас ұрпақ» экологиялық акциясы басталды. Оқушыларды еңбекке баулитын жоба «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Ауқымды шараға 100-ден астам оқушы мен ұстаз қатысты. Балалар қарағай тұқымын сеуіп, туған жерді көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Мемлекеттік инспекторлар тұқымды дұрыс отырғызудың тәртібін үйретіп, оқушыларға көмектесті. Тұқымнан өскін өсіру, күтіп-баптау әдістері де түсіндірілді.

Экологиялық акция Аққулы және Шарбақты аудандарының мектептерінде өз жалғасын табатын болады. Маңызды шара аясында 7 мыңнан астам адам 5 мың қарағай тұқымын отырғызады деп жоспарлануда.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.