Баянауылдық жастар қайырымдылық іс жасап, қариялардың алғысына бөленуде.

Бірер күн бұрын өңірде «Қариясын қадірлеген ел ардақты» атты апталық басталды. Игі шара аясында оқушы, студент және басқа да сала мамандарынан құрылған аудан жастары қарияларға қолдан келгенше көмек көрсетті. Қайырымды қыз-жігіттердің бірі қарттардың үйін тазалап, ағаш жарып, қысқы отынын дайындап берсе, енді бірі азық-түлік пакеттерін таратты. Сондай-ақ, соғым уақытында мал сойып, етін бөліп үлестіріп жатқандар да бар.
— Баянауылдың әр ауылында еріктілер клубы құрылған. Оның мүшелері қарттарға, жалғызбасты жандарға, толық емес отбасылары мен көмекке мұқтаж тұрғындарға түрлі қайырымдылық жасауда. Соның бір дәлеліндей, жақында ғана 10 отбасына азық-түлік таратылды. Жалпы, ауданымызда «Жақсылық жасап жарысайық!», «Ардагер-тайм», басқа да тақырыптарда осындай іс-шаралар жиі өтеді. Оған баянауылдық азаматтар демеуші болып тұрады, — дейді Баянауыл жастар орталығының директоры Ринат Ильдин.

Н.ШОДЫР.