Ауданда су басу қаупі басым елді мекендерде алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Белгіленген кесте мен жоспарға сай қазіргі уақытта бөгеттер биіктетіліп, арналар тазартылуда.
Жуырда аудан әкімі Дидар Ибраев жұмыс сапарымен Рождественка, Розовка, Ефремовка және Даниловка ауылдарындағы көктемгі су тасқынына бейім учаскелерге барып, дайындық жұмыстарымен танысты. Аудан басшысы аталған елді мекендерден қарды шығару жұмыстары тұрақты бақылауда екенін айтып, аудан әкімдігінде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша арнайы «Жедел штаб» құрылғанын атап өтті.
— Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Розовка ауылынан Максимовка ауылы бағытында жолдың арғы жағында үйінді жасалып, арықтарды жайластыру жүргізілді. Сонымен қатар, наурызға дейін Ефремовка ауылында бөгет салу және ауыл маңында айналма арнаны қазу, Даниловка ауылының айналасындағы үйіндіні нығайту бойынша жұмыстар орындалатын болады, — деді ол.
А.МҰҚЫШЕВ.