Железин ауданы өткен жылғы қарқынды биыл да арттыруға бел буып отыр. Айта кетейік, өткен жыл аталмыш аудан үшін нәтижелі аяқталды.

Жуырда облыстық әкімдікте өткен жиында Железин ауданы әлеуметтік-экономикалық даму жағынан ілгері екені мәлім болды. Аудан әкімі Айтуған Шайхимовтің мәлімдеуінше, барлық макроэкономикалық көрсеткіштер оң қарқынмен түйінделді. Ауданда қарақұмық жармасы және құм өндірісінің есебінен өңдеу және тау-кен өнімдерінің көлемі ұлғайды. Астық түсімі 75 пайызға өскен. 164 мың тонна өнім алынды.

6,6 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. 24 пәтерлі екі қабатты үй қолданысқа берілді. 20 шақырым аудандық маңыздағы жол, барлығы 15 шақырым ауылішілік және кіреберіс жолдар жөндеу көрді. Ауданның негізгі капиталына 16,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 12 млрд теңгесі — жеке инвестиция.

Биыл да іргелі жобалар қолға алынбақ. Әлеуметтік нысандар жөнделіп, жолдар жаңарады. Ауыл шаруашылығы бағытында суармалы алқап көлемі артып, астық кептіретін қондырғылар сатып алу көзделген.

Г.ТҮГЕЛБАЙ.